Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында 200 көрерменге арналған жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында салынған деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
5 гектар аумақта орналасқан мәдениет үйінің құрылысына 658 млн теңге жұмсалды. Ғимаратта 200 орындық көрермен залы, сахна және шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер бар.
Жаңа мәдениет үйінде концерттер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, домбыра, жыр-терме, вокал, би және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар ақындарға арналған «Шежіре» тәлімгерлік орталығы мен аға буын ансамблі өз қызметін жүргізеді.
Мұнда балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және дәстүрлерді сақтауға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылады.
Алматы облысында мәдени инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып келеді. Соңғы төрт жылда осы бағытқа 52,6 млрд теңге бөлініп, 10 жаңа мәдениет нысаны салынды және 19 мәдениет үйі жөндеуден өтті. Бұған дейін Кеген ауданының Жалағаш және Жылысай, Іле ауданының Өтеген батыр және Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылған.
Биыл Жамбыл ауданының Шиен ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен Балқаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты ашылды.
Қазіргі таңда Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында және Іле ауданының Боралдай кентінде жаңа мәдениет нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өңірдегі мәдениет үйлері мен басқа да нысандарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
Жалпы, елімізде мәдени инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы үш жаңа кітапхана салынып, 13 кітапхана күрделі жөндеуден өтті, тағы 64 нысан ағымдағы жөндеумен қамтылды. 197 кітапханада материалдық-техникалық база жаңартылды.
Биыл құрылыс және жөндеу жұмыстары 194 мәдениет нысанын қамтиды. Сонымен қатар өңірлерде театрлар, мұражайлар, визит-орталықтар мен шығармашылық білім беру нысандарын салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
