Сарапшы 1997 жылғы қылмыстық кодекстен «қыз алып қашу» бабының не себепті алынып тасталғанын түсіндірді, деп хабарлайды SteppeNews.kz порталы.
Қыз алып қашу дәстүрі ескірді дегенімізбен, қылмыстық статистика соңғы бес жылда айтарлықтай азаймай келеді. Мәселен, қылмыстық кодекстің адам ұрлау бабы бойынша жыл сайын орта есеппен 20-ға жуық қылмыстық іс қозғалған.
Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, былтыр елімізде осындай 18 қылмыстық іс тіркелген. Әйел ұрлауға қатысты 12 қылмыстық істің алтауы Алматыда болса, Астанада бір оқиға тіркеліпті.
Бір ескеретін жайт, статистика «қыз алып қашу» ежелден келе жатқан әдет-ғұрып ретінде жасыратын қылмыстық құқық бұзушылықтардың санын ішінара ғана көрсете алады.
ТАҒДЫРДЫҢ ТӘЛКЕГІНЕ АМАЛСЫЗ КӨНІП ЖҮР
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назым Жанғазы зорлықпен қыз алып қашудың қылмыс екенін әрі оны дәстүрге телуге болмайтындығын алға тартады.
«Қызды зорлықпен алып қашу — басқа мәселе. Меніңше, қоғамымыз мұндай құбылыстарға немқұрайлы қарауды қойып, заңға жүгіне бастады. Өйткені, зорлықпен қыз алып қашу дегеніміз — нағыз адам ұрлау, адам ұрлау дегеніміз – қылмыс, ауыр қылмыс. Қазір Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің ресми деректеріне ғана көз жүгіртіп көрейік, 2019-2023 жылдар аралығында елімізде қыз алып қашуға қатысты 214 қылмыстық іс қозғалған. Алайда, бұл цифр осы санаттағы қылмыстардың дәлме-дәл көрсеткіші емес. Себебі бәрімізге белгілі, осы жағдайға душар болғандардың барлығы бірдей полицияның көмегіне жүгіне бермейді.
Өкініштісі, біздің қолданысымыздағы заңнамада қыз ұрлығына тосқауыл қоятын бап жоқ. Еліміздегі барлық адам ұрлауды қамтитын Қылмыстық кодекстің жалпы 125-бабы ғана бар. Нақты статистикаға жақындау үшін Омбудсмен кеңсесі тиісті жұмыстардың бәрін «қолмен» атқарып шыққан», — дейді Назым Жанғазы Steppenews.kz тілшісіне.
Сарапшының айтуынша, алып қашу құрбаны болған жүздеген қыз-келіншек қоғамның немқұрайлығынан зардап шегіп отыр. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттің жазадан сытылып кетуіне ықпал етіп отырған бапқа өзгеріс енгізу маңызды деген пікірде.
«Менің білуімше, қыз алып қашу деректерінің бар-жоғына қатысты дау шығаратын немесе осы қылмысты дұрыс деп санайтын жандар өздерінің төмен пайымымен жасап алған қағидаларымен өмір сүреді. Олар алып қашудың құрбаны болған қыздарымыздың жан түршігерлік психологиялық жарақат алатынын, содан кейін бөтен отбасында сүймеген адамымен бірге азапты күндерді басынан өткеретінін түсіне алмайды. Дәл қазір жүздеген қазақ қыз-келіншектері осындай күй кешіп жүр, олар тағдырдың тәлкегіне амал жоқ көнген. Бір өкініштісі, қай-қайсымыз да осындай сценарийдегі қандай да бір оқиғаны білеміз немесе естігенбіз. Алайда, оған бейжай қараймыз. Қазіргі адам ұрлау бабына сәйкес, бұл қылмыстың жазасы төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал бірнеше адамның қатысуымен жасалса, алды 12 жылға дейін сотталады. Бұл жерде қылмыс жасуашылардың қатарына қызды өз еркінен тыс ұстауға көмектескен жанашырлары да, туыстары да кіреді. Енді осы Қылмыстық кодекстің бәріміз назар аударуымыз тиіс бір бабы бар: егер қылмыскер жәбірленушіні өз еркімен босатқан болса, ол жауапкершіліктен сытылып кетеді. Бұл ұрлаушы жәбірленушіні өлтіреді деп қорқатын жағдайларда қалыпты болуы мүмкін. Бірақ «алып қашқан» кезде өлтірмейтінін бәріміз білеміз. Құқық қорғаушылардың айтуынша, осы тармақтың кесірінен істің көбі сотқа жетпей жатады. Себеп: қызды босата салады, қылмыстық оқиға осылайша жазасыз қала береді», — дейді сарапшы.
ДЕРЕКТЕРДІ ДӨП БАСУ ҚИЫН
Біріншіден, Қазақстанда некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау туралы жеке бап жоқ, сондықтан әйелдерді кез келген мақсатпен ұрлау ҚР Қылмыстық кодексінің бір бабы, яғни 125-бабы бойынша ғана тіркеледі.
Екіншіден, тұрмысқа шығу үшін әйелдерді ұрлау фактілерінің көпшілігі жасырын болғандықтан статистикалық есептерге де кірмейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алып қашу істерін жеке қарастыратын заң да, статистика да болмағандықтан, деректерді дөп басып айту қиын деген пікірде.
«Қыз алып қашу фактілерінің нақты санын тек болжауға ғана мүмкіндік бар. Өйткені қоғамда мәжбүрлеудің бұл түрін хабарлауға әйелдерге кедергі болатын стереотиптер бар. Көп жағдайда кінәлілер мен жәбірленушілер мұндай әрекеттердің қылмыстық сипатын және олар үшін қылмыстық жауапкершілікті білмейді», — дейді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Омбудсменнің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес: проблемалары мен шешімдері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында жариялаған мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдан бері Қазақстанда әйелдерді ұрлау бойынша арнайы 214 қылмыстық іс қозғалған. Оның 94,3 пайызы қылмыс белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылған. Тек 10 іс қана сотқа жолданып, 27 адам жауапкершілікке тартылған.
Заңгер, феминист Әйгерім Құсайынқызы үйлену мақсатында қыз алып қашуға қылмыстық жауапкершілік енгізу қажеттілігін, сонымен қатар деректер бойынша алшақтық бар екенін атады.
«Некеге тұру мақсатында қыз алып қашуға қылмыстық жауапкершілікті енгізу қажет пе? Әлбетте, қажет. Біздің ғалымдардың, феминистердің күн тәртібінде жүрген мәселе. Неліктен? Себебі бұл да гендерлік, әйелдің бас бостандығын шектеуге қарсы бағытталған – қылмыстардың бірі. Көп мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда «атадан келе жатқан дәстүр» ретінде қарап, қылмысты ақтап алуға талпыныс жасап отыр. Қазіргі жағдайды нақты бағалай алмаймыз. Өйткені ҚР қылмыстық кодексінде қыз алып қашу бабы болмағандықтан, біз прокуратураның құқықтық статистика бөліміне жүгініп, жылына елдің қай өңірінде қыз алып қашу қылмысы басым екендігіне, қанша іс сотқа дейін жетпегендігіне қатысты тап басып айта алмаймыз. Бап болмағандықтан, статистика туралы нақты айту қиын. Одан бөлек «қыз алып қашу» әрекетін зерттеудің өзі қиын. Ұят концепциясы, тәртіптік қағидалар ішінде жасырып қалу көп болғандықтан, қандай да бір қортынды айтуға батылым бармайды. Бірақ Қырғызстанның қылмыстық кодексінде қыз алып қашу деген арнайы бап бар, сол 5 млн тұрғыны бар Қырғызстанда жылына 5 мың қыз алып қашу фактісі бойынша ұрланады деген дерек бар», — дейді сарапшы.
Ол «некеге тұру мақсатында әйел ұрлау» бабының 1997 жылғы қылмыстық кодекстен не себепті алынып тасталғанын былай деп түсіндірді.
«Қазақстан Республикасының дербес қылмыстық кодексі 1997 жылы қабылданған болатын. Оған дейін «қыз алып қашу» бабы болды. Яғни, қылмыстық жауапкершілік нормалары болды. Ол КСРО-ның енгізген нормалар еді. Яғни, кез келген одақтас республикаларда адам құқығына қайшы әрекеттерге құқықтық жауапкершілік бекіту: қыз алып қашу,қалың мал, көп әйел алу. Қаншалықты жұмыс істеді, статистика рас – ол басқа мәселе. 1997 жылы Мәжілістің бірінші шақырылымына келген депутаттар дәстүрімізге жасалған қастандық, қазақилығымызға оралу керек деген себеппен, арам пиғылдарымен аталған бапты қылмыстық кодекстен алып тастады. Мұны маскулиндік, уытты әрекеттің қазақ әйелдеріне жасалған кезекті қылмысы деп санаймын. Содан бері аттай 27 жыл өтсе де, мұны қылмыстық кодекске әкеле алмай отырмыз. Неге? Бірден бір себеп мәжілісте осы мәселені көтеретін әйелдердің үлесі әлі де 25 пайыздан асқан жоқ. Физикалық тұрғыда әйелдердің болуы барлық әйелдердің қамын жейді деген сөз емес. Бұл бойынша ұзақ мерзімді реформа, тіпті лобби да жүргізуіміз керек деп есептеймін», — дейді заңгер Әйгерім Құсайынқызы.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӨЗГЕ ЕЛДЕРІНДЕГІ АХУАЛ
Алып қашу дәстүрі сақталған Орталық Азияның бірқатар елдерінде оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанның қылмыстық заңнамаларында некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау туралы арнайы баптар бар. Аталған заң нормасының адам ұрлау туралы жалпы баптан түбегейлі айырмашылығы – қалыңдықты алып қашқаны үшін жеңіл жаза қарастырылған. Мәселен, Өзбекстанда мұндай құқық бұзушылық үшін оларға тек айыппұл салынуы, қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе 3 жылға дейін шартты, я нақты жаза тағайындалуы мүмкін. Жалпы бап бойынша қылмыскер тек 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осыған ұқсас жағдай Түркіменстанда да байқалады.
Оншақты жыл бұрын жылына 8 мыңнан 12 мыңға дейін қыз алып қашу оқиғасы тіркелетін Қырғызстанда қазір заң күшейе түскен. Мәжбүрлеп үйлену мақсатында әйелді алып қашқаны үшін қылмыскер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер қыз некеге тұруға келіспесе және оны еркіне босатқан болса, айыпталушы тек айыппұл немесе қоғамдық жұмыстармен ғана құтылса да, жазасын алады.
Қырғызстан – алып қашқан қыз келіспеген жағдайда босатқаны үшін айыпталушы сотталып, аз да болса жазаланып жатқан Орталық Азиядағы жалғыз ел.
«Бұл елдер КСРО енгізген баптарды алып тастаған жоқ. Бізде «адам ұрлау» бойынша 125 бапта «неке қию мақсатында әйелдің бас бостандығын шектеу» бойынша тармақ жоқ. Бірақ ең күлкілісі 125 бапта қызды ұрлағаннан кейін қуғыншылар келіспей қызды қайтарып алған соң, ол үшін ер адамға жауапкершілік жоқ. Мысалы, дүкеннен бір затты ұрлап алған соң, саған аллергия болып шығады. Ұнамайды деп қайтарып берсеңіз де, заң алдында жауап бересіз. Ал қыз ұрлайсыз, арыз жазамын дейді, қорқасыз, қайтарып бересіз, жауапкершілік жоқ. Абсурд осы жерден басталады. Дискриминация жасамау принципі бұл жерде іске аспайды. Адам ұрлау бабы мен жалпы фемицидтің адам өлтіру арасында өте үлкен параллельдер бар. Мысалы, 99 бап бойынша Бишімбаев кейсі. Әйелді әйел болғаны үшін ұрлаудың мотивтері, қылмыстық-субъективтілік жағы мүлдем бөлек. Дәл солай адам ұрлау мен әйелді әйел болғаны үшін неке қию мақсатында ұрлаудың себептері тым бөлек. Сол үшін де екі параллельді көрсету арқылы, әйелдерге жасалған қылмысты айту арқылы «қыз алып қашу» бабын бөлек қосуымыз керек. Сондай-ақ фемицидті қосуымыз керек. Бұл бойынша адам құқықтары жөніндегі өкіл 2024 жылдың соңына дейін аталған бапты қосатынын айтқан еді. 125 бапқа қосымша тармақ ретінде енгізуді көздеген болатын. Бұл да меніңше мәселені шешпейді, бұған бөлек бап керек», — дейді Әйгерім Құсайынқызы.
Ал Түркіменстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда адам ұрлау үшін баптағы ескертпе ескеріледі, онда ер адам әйелді еркіне жіберген жағдайда жай ғана жауапкершіліктен босатылады.
«Біздің еліміз бұл әлеуметтік проблеманы бастан кешіріп отырған жалғыз мемлекет емес екенін атап өткім келеді. Десе де біздің аймақтағы көршілеріміз мұнымен белсенді түрде күрес жүргізіп жатыр. Айталық, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттерінде тұрмысқа шығу үшін әйелдерді ұрлау ісіне қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұған қоса, мұндай құқықбұзушылықтар үшін жазалап қана қоймай, қоғамның қыз алып қашушыларға деген көзқарасын да өзгерту маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайындағыдай, біздің қоғам отбасының жеке ісі деп санап, араласпауды, бөтеннің үйінің қабырғасынан асып кетпеуді жөн көреді. Бірақ бұл мүлде олай емес. Біз қыз алып қашып, келін қылған отбасылардың шаңырағына жайбарақат барып, қылмыскерлермен бір дастарханда, еріксіз ұрланған бұрымдының қолынан көз жасы араласқан шай ішіп жүргенімізді сезінуіміз керек», — дейді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назым Жанғазы.
Айта кетелік, 2023 жылы адам құқығы жөніндегі уәкілдің қолдауымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1-бапты енгізу туралы ұсыныс жолданған. Бірақ әзірге заңдарға түзетулер қабылданған жоқ.