SteppeNews.kz: Қазақстанда өнім қауіпсіздігін толық тексермей-ақ тауар импорттауға мүмкіндік берген жалған сәйкестік сертификаттарына қарсы бақылау күшейтілді. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметінше, бүгінде ЕАЭО елдерінде рәсімделген 1113 сертификат пен декларация жарамсыз деп танылған.
Заңбұзушылықтардың басым бөлігі Қырғызстанда берілген құжаттарға қатысты — 742 жағдай тіркелген. Ал Ресей бойынша 244, Беларусь бойынша 11 заңбұзушылық анықталған.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, бұл мәселе ұзақ уақыт бойы жүйелі сипат алған.
«Кейбір құжаттар өнімге қажетті сынақ жүргізілместен берілген. Бірқатар жағдайда сертификаттар тауарды нақты тексерусіз, қашықтан рәсімделген. Мұндай құжаттар Қазақстан нарығына өнімді ұзақ уақыт бойы бақылаусыз әкелуге мүмкіндік берген», – деді Бауыржан Қасымов», — деді ол.
Тексеру барысында мамандар қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдерді де анықтаған. Кейбір азық-түлік үлгілерінен ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылса, тағамдық қоспалардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кеткен жағдайлар кездескен. Сонымен қатар бірқатар тауар міндетті таңбалаусыз, шығарылған күні мен сақтау шарттары көрсетілмей сатылған.
Комитет мәліметінше, бұған дейін Қырғызстандағы кейбір сертификаттау органдары өнім қауіпсіздігін нақты растамай-ақ декларацияларды жаппай рәсімдеген. Қазақстан тарапы араласқаннан кейін бұл бағытта өзгерістер басталған.
«Біз қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп, осы саладағы тәртіпті күшейту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Қырғызстан заңнамаға өзгерістер енгізіп, декларацияларды тіркеу функциясын мемлекеттік ұйымға берді. Бұл құжаттарды заңсыз рәсімдеу мүмкіндігін айтарлықтай қысқартты», — деді Бауыржан Қасымов.
КТРМ материалдары негізінде Қырғызстан тарапы сәйкестікті растау органдарының сегіз аккредиттеу аттестатын жойған. Аталған ұйымдар ЕАЭО-ның бірыңғай тізілімінен шығарылды.
Сонымен қатар Қазақстан ішкі бақылауды да күшейтіп жатыр. Сәйкестікті бағалау рәсімдерінің барлығы «Е-КТРМ» жүйесі арқылы цифрлық форматқа көшірілген. Мемлекеттік кірістер органдары да кедендік рәсімдеу кезінде құжаттарды тексеруді қатаңдатқан.
Міндетті рәсімдерден өтпей-ақ сертификат рәсімдеуді ұсынатын сайттарды бұғаттау жұмыстары да жалғасуда. Қазірге дейін Қазақстанда осындай 76 интернет-ресурс бұғатталған.
Соңғы жағдайлардың бірі Шымкентте анықталды. Германиядан шоколад глазурін импорттау кезінде мамандар Қырғызстанда рәсімделген сәйкестік декларациясын тексеріп, оның ЕАЭО-ның бірыңғай тізілімінде жоқ екенін анықтаған. Тексеріс нәтижесінде декларацияның күші тоқтатылды.
