SteppeNews.kz: Биыл 27, 28 және 29 мамыр күндері атап өтілетін Құрбан айт мерекесіне орай Алматы қаласында мал сату және құрбандық шалуға арналған 12 арнайы алаң белгіленді. Бұл туралы SteppeNews.kz сайты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мерекелік айт намазы 27 мамыр күні сағат 06:00-де қаланың барлық 56 мешітінде оқылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мерекеге дайындық барысын баяндады.

Биыл мегаполистегі мерекелік шараларға 100 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Оқиғаның ауқымдылығына байланысты мемлекеттік органдар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық және ветеринарлық талаптардың сақталуын бақылау, сондай-ақ мерекені ұйымшылдықпен өткізу бағытында кешенді ведомствоаралық жұмыстарды жүргізуде. Бұл туралы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлы мәлімдеді.
Құрбандық шалатын арнайы орындар қаланың бес ауданында ұйымдастырылған:
Алатау ауданы:
-
«Мырзахмет» мешіті — Қарасу шағын ауданы, Солтүстік айналма жолы, 15;
-
«Алғабас» мешіті — Алғабас шағын ауданы, Ақбөпе көшесі, 6;
-
«Әл-Әзим» мешіті — Азат көшесі, 20а;
-
«Нұр» мешіті — Ұйғыр көшесі, 16/1.
Бостандық ауданы:
-
«Бақыткелді» мешіті — Хан-Тәңірі шағын ауданы, Дулати көшесі, 27/11.
Медеу ауданы:
-
«Омар ибн аль-Хаттаб» мешіті — Жуков көшесі, 136а;
-
«Аманқұл ата» мешіті — Т. Бигелдинов көшесі, 5;
-
«Фатима» мешіті — Малая көшесі, 14;
-
«Райымбек батыр» мешіті — Думан-1 шағын ауданы, Хан Тәңірі көшесі, 15;
-
«Арафат» мешіті — Ибрагимов көшесі, 5а.
Наурызбай ауданы:
-
«Қалқаман-2» мешіті — Қалқаман-2 шағын ауданы, Аспандияров көшесі, 84.
Түрксіб ауданы:
-
«Қайрат» мешіті — Қайрат шағын ауданы, Сарымулдаев көшесі, 22.
Төлеби Оспан атап өткендей, арнайы орындарда мешіт қызметкерлері болып, діни рәсімдердің барлық талаптарға сай атқарылуын қадағалайды. Қаланың бас имамы тұрғындарды тазалық сақтауға және құрбандық шалу рәсімін тек белгіленген орындарда ғана өткізуге шақырды.
Сонымен қатар, Алматыда qurban.muftyat.kz онлайн-сервисі қайта іске қосылды. Осы платформа арқылы қала тұрғындары құрбандық шалуға қашықтан тапсырыс бере алады. Рәсім аяқталған соң пайдаланушыларға видеоесеп жіберіледі.
Бұл портал арқылы мұқтаж отбасылардан ет алуға өтінімдер де қабылдануда. Ет қабылдау және тарату пункттері қаланың барлық 56 мешітінде ұйымдастырылады. Өнімдерді сақтау және тасымалдау үшін арнайы мұздатқыштар мен көліктер дайындалған.
Мереке аясында бірқатар мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, жамағатқа дәм тартылады. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы спорттық шаралар, қайырымдылық акциялары өткізіліп, мұқтаж отбасыларға, қарттар үйлері мен балалар мекемелеріне азық-түлік себеттері таратылады деп жоспарлануда.
«Құрбан айт — бұл мейірімділік, өзара көмек және рухани бірлік мерекесі. Оны діни әрі санитарлық талаптарды сақтай отырып, ұйымшылдықпен өткізу маңызды», — деп түйіндеді Төлеби Оспан.
