Алматы британдық BBC Travel басылымының 2027 жылы саяхаттауға ұсынылған әлемдегі үздік 20 туристік бағытының қатарына енді. Қазақстанның ең ірі қаласы Орталық Азиядан тізімге енген жалғыз бағыт атанды. Бұл туралы SteppeNews.kz BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым Алматыға заманауи өнермен, ұлттық қолөнермен және дәстүрлі асханамен танысу үшін баруға кеңес береді. Рейтингті әзірлеу кезінде редакция туризмнің мәдени және табиғи мұраны сақтауға, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтарды қолдауға ықпал ететін бағыттарға ерекше назар аударған.
BBC Travel Алматының басты мәдени нысандарының қатарында Almaty Museum of Arts пен «Целинный» заманауи мәдениет орталығын атаған.
2025 жылғы қыркүйекте ашылған Almaty Museum of Arts басылымның бағалауынша, Орталық Азиядағы заманауи өнерге арналған алғашқы ірі музей. Оның коллекциясына қазақстандық суретшілердің және өңірдің басқа елдерінен шыққан авторлардың туындылары енген.
Ал «Целинный» заманауи мәдениет орталығы бұрынғы кинотеатр ғимаратында орналасқан. Нысан британдық сәулетші Асиф Ханның жобасы бойынша қайта жаңғыртылған. Жөндеу жұмыстары кезінде суретші Евгений Сидоркиннің сграффито туындысы да қалпына келтірілген.
BBC Travel қазақстандық заманауи суретшілер мен дизайнерлердің көшпелі мұраны, дәстүрлі қолөнерді және тәңіршілдікке қатысты бейнелерді жаңаша пайымдауына да назар аударған.
2027 жылдың жазында Алматыға келуге себеп болатын мәдени оқиғалардың бірі ретінде басылым The Spirit of Tengri халықаралық фестивалін атады. Фестиваль түрлі халықтардың дәстүрлі музыкасын заманауи музыкалық бағыттармен ұштастырады. 2026 жылғы маусымда Абай алаңында өткен іс-шараға шамамен 50 мың көрермен жиналған.
Жарияланымда қазақ асханасына да ерекше орын берілген. Оның заманауи үлгісімен танысу үшін BBC Travel Медеу шатқалында орналасқан Auyl мейрамханасына баруға кеңес береді. Мейрамхананың сәулеттік келбеті киіз үйді еске салады. Мәзірінде жылқы етінен дайындалған тартар, нанмен ұсынылатын сүйек майы сияқты дала тағамдары бар. Интерьерінде кілемдер мен қолдан жасалған бұйымдар пайдаланылған. Сондай-ақ мейрамхана таудың панорамалық көрінісімен ерекшеленеді.
Қаланың туристік тартымдылығын арттыратын тағы бір фактор – халықаралық әуе қатынасының кеңеюі. 2027 жылғы 9 қаңтардан бастап Cathay Pacific әуе компаниясы Гонконг пен Алматы арасында тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу перспективалары да қарастырылуда. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, тиісті жоспарларды 2027 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген.
Осылайша, Алматының BBC Travel халықаралық тізіміне енуі қаланың әлемдік туристік картадағы орнын нығайтып, Қазақстанның мәдени мұрасына, заманауи қалалық кеңістігіне және ұлттық асханасына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Келесі материал: Президент Қасым — Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы университетке ұлттық мәртебе берді
