Қазақстанда дәрігерлерге бір қабылдау кезінде бірнеше медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беру ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп жазады SteppeNews.kz.
Ұсынылған өзгерістер медициналық көмектің көлемін пациенттің денсаулық жағдайына, медициналық көрсетілімдерге және қолданыстағы талаптарға сәйкес жеке анықтауға мүмкіндік береді.
Бір қабылдауда бірнеше қызмет көрсетіледі
Жобаға сәйкес, дәрігер бір қабылдау барысында пациентті тексеріп қана қоймай, қажеттілігіне қарай рецепт жазып, анықтама рәсімдеп, профилактикалық қызметтер де көрсете алады.
Сондай-ақ пациент басқа созылмалы ауруына байланысты жоспарлы бақылаудан өтіп жүрсе, оның нәтижелерін жеке қабылдау рәсімдемей-ақ, ағымдағы тексеру кезінде ескеруге мүмкіндік берілмек.
Бұдан бөлек, дәрігерлердің жұмысын жеңілдету көзделген. Қабылдау барысында көрсетілген қызметтер мен жазылған рецепттер туралы мәліметтердің бір бөлігі медициналық ақпараттық жүйелерде автоматты түрде тіркеледі.
Медициналық тексерулердің қолжетімділігі артады
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көрсетілімдер болған жағдайда кеңейтуге болатын медициналық қызметтердің ең төменгі тізімін бекітуді ұсынып отыр. Ал күрделі клиникалық жағдайларда қосымша тексерулерді мамандар тобының шешімімен тағайындау қарастырылған.
Атап айтқанда, В және С вирустық гепатиттерін диагностикалау мүмкіндіктерін, соның ішінде экспресс-әдістерді қолдануды кеңейту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қанның ұю жүйесі бұзылған және жүйке-бұлшықет жүйесінің аурулары бар пациенттерге арналған тексерулер тізімі нақтыланады. Қосымша зерттеулердің барлығын дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес тағайындайды.
Жоба сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін амбулаториялық қызметтердің тізбесін бекітуді көздейді.
Қоғамдық талқылау қашан аяқталады?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыруға, әсіресе созылмалы аурулары бар пациенттерге жағдай жасауға бағытталған.
Құжаттың қоғамдық талқылауы 4 желтоқсанға дейін жалғасады.
Келесі материал: Путин, Си Цзиньпин және Трамп Шэньчжэньдегі саммит қорытындысы бойынша «Бейбітшілік декларациясын» қабылдады
