Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында қазақ тілінің емле ережелерін жүйелеу, орфографиялық сөздіктерді жаңарту және ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру мәселелеріне тоқталды, деп жазады SteppeNews.kz.
Президент бұл бағыттағы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ қазақ тілін ғылым мен технологияның тіліне айналдыру, халықаралық сөздіктер әзірлеу және мемлекеттік тілді үйренуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен терминдер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл тілдегі бірізділікке кері әсер етіп, қоғам арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Сондықтан емле ережелерін жүйелеп, қолданыстағы сөздіктерді жаңарту қажет.
Президент Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі соңғы рет 1983 жылы Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми бекітілгенін еске салды. Одан кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмегенін айтты.
«Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді. Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, орфографияны ретке келтіру жұмысына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысуы керек. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобын құрып, оның қызметін Президент Әкімшілігі арқылы үйлестіру ұсынылды.

Қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қоры жасақталады
Президент қазақ тілінің сөздік қоры мен әдеби-мәдени мұрасы бай болғанымен, оның едәуір бөлігі әлі де цифрлық форматқа толық көшірілмегенін атап өтті.
Осыған байланысты кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио және бейнежазбаларды, музей қорларын цифрландыру жұмысын жандандыру қажет.
«Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын. Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат және мұражай қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қазақ тілінің технологиялық мүмкіндіктері артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, OpenAI зерттеуінде қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына енген. Yandex мәліметінше, компанияның бір өнімін қазақ тілінде пайдаланушылар саны өткен жылдан бері 30 пайызға артқан. Ал Google қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.

Қазақ тілі ғылым мен өндірістің тіліне айналуы керек
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағы ғылымның дамуымен тікелей байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар сияқты салаларды қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік жасау қажет.
Бұл үшін ең алдымен сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ жоғары оқу орындары қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлуі керек.
«Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес. Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ», – деді Президент.
Мемлекет басшысы терминдерді аудару мен қолданудағы бірқатар мәселеге де тоқталды. Оның пікірінше, қазақ тілінде бұрын сирек қолданылған «тұжырымдама», «қағидат», «еңбек өтілі», «әмбебап», «жанармай», «ғарыш», «ғаламтор», «тікұшақ» және «жасанды сана» сияқты сөздердің кең қолданысқа енуі – оң үрдіс.
Алайда кейбір жасанды аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді. Президент «күйсандық», «қылтима», «үнқағаз», «жеделсаты» секілді баламаларды мысалға келтіріп, бұл мәселеге кәсіби ғалымдардың пікір білдіруі маңызды екенін айтты.

Қазақ тілінің халықаралық сөздіктері әзірленеді
Мемлекет басшысы қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі қолданысын кеңейту үшін өзге тілдермен байланысын нығайту маңызды екенін атап өтті.
Осы бағытта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру ұсынылды. Сонымен қатар қазақ тілін БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігі айтылды.
«Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін жасау ұсынылды. Бұған қоса, қазақ-орыс сөздігін де заман талабына сай жаңарту қажет. Президент сөздіктердің электрондық нұсқаларын әзірлеп, үнемі толықтырып отыруды тапсырды.

Қазақ тілін үйренуге қолайлы жағдай жасау қажет
Құрылтайда мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарды қолдау мәселесі де көтерілді.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары қазақ тілін меңгеруге қызығушылық танытатын адамдардың қатары артып келеді. Олардың арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері, тіл үйрететін мамандар және әлеуметтік желі арқылы ана тілімізді насихаттап жүрген азаматтар бар.
«Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар. Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға қолайлы жағдай жасау ортақ міндет екенін атап өтті. Ол үшін заманауи әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеп, бұл жұмысқа тіл мамандары мен ақпараттық технология саласының өкілдерін тарту қажет.
Келесі материал: 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл тең мүмкіндік жасалған деген сөз бе?«Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз. Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет. Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
