Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы ұйымның негізгі нәтижелерін баяндады. OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында қазақ тіліндегі 14 миллиард токеннен тұратын мәтін корпусы қалыптасып, 12 мың сағаттық аудиожазба жинақталды, деп жазады SteppeNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақ тілі» қоғамы оқыту әдістемелерін жаңарту, отандық медиа мен цифрлық мазмұнды байыту, сондай-ақ заманауи технологияларда мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту жобаларын жүзеге асырып келеді. Осы орайда цифрлық инфрақұрылымды өркендету бағытында нақты нәтижелер қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, ұйымның OpenAI компаниясымен бірлескен жобасы аясында 14 миллиард токеннен тұратын мәтін корпусы қалыптасып, 12 мың сағаттық аудиожазба жинақталды. Кинематография саласында да жұмыстар атқарылып, соңғы үш жыл ішінде Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты.
Кездесуде ұйымның институционалдық дамуын қамтамасыз ететін Qazaq Tili Endowment қорының қызметі де сөз болды. Бүгінгі таңда қорға түскен жарналардың жалпы көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атқарып жатқан қызметіне оң баға беріп, алдағы жоспарларына табыс тіледі. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді үйретуде және ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Келесі материал: Шағын бизнесті тексеруге мораторий. Ал үш жылдан кейін не болады?