Алматыда венгр халқының дәстүрлі киіз басу өнерінің шебері Карой Мартон-Сёньегидің шеберлік дәрісі өтті. Іс-шараны Венгрияның Алматыдағы Бас консулдығы Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды деп хбарлайды SteppeNews.kz.
Карой Мартон-Сёньеги – Junior Prima сыйлығының лауреаты, сондай-ақ «Халық өнерінің жас шебері» құрметті атағының иегері. Ол өз шығармашылығында венгр халқының дәстүрлі қолөнер тәсілдерін пайдаланып, тарихи мұраны заманауи көркемдік шешімдермен ұштастырады.
Шеберлік дәрісі барысында қатысушылар венгр халқының киіз басу өнерінің ерекшеліктерімен, табиғи жүнді өңдеудің дәстүрлі әдістерімен және оларды заманауи өнерде қолдану жолдарымен танысты. Сонымен қатар Қазақстан мен Венгрия арасындағы мәдени байланыстарға да назар аударылды. Екі елде де киіз басу өнері тарихи әрі көркемдік мұраның маңызды бөлігі саналады.

Мұндай бастамалар халықаралық мәдени алмасуды дамытуға және кәсіби тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәстүрлі қолөнерді сақтап, оны жаңа бағытта дамытуға ықпал етеді.
Алматы қаласының Туризм басқармасы креативті индустрияны дамытуға, мәдени мұраны дәріптеуге және халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларды қолдайды. Осындай іс-шаралар Алматының халықаралық мәдени диалог алаңы ретіндегі беделін арттыруға да үлес қосады.

