Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы аясында Қазақстан мен Намибия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы SteppeNews.kz olympic.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Құжатқа Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Намибия ҰОК басшысы Ндеулипула Хамутумва қол қойды.

Ынтымақтастық орнату туралы бастаманы Намибия тарапы көтерген. Ел өкілдері Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спортты басқару, халықаралық жобаларды жүзеге асыру және Олимпиадалық қозғалыс ұйымдарымен байланыс орнату бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық танытқан.
Алғашқы қадам ретінде Намибия делегациясының Қазақстанға жұмыс сапарымен келуі жоспарланып отыр. Сапар барысында қонақтар Ұлттық Олимпиадалық комитеттің құрылымымен, басқару жүйесімен, жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларымен және халықаралық серіктестік бағытындағы жұмысымен танысады.
Меморандум аясындағы негізгі бағыттардың бірі — басым спорт түрлері бойынша екі елдің ұлттық құрамалары арасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу. Сонымен қатар тараптар спорт федерациялары арасындағы байланысты нығайтып, жаттықтырушылар мен мамандар даярлау тәжірибесімен бөлісуді көздейді.

Бұдан бөлек, спорт медицинасы және допингке қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарланған. Мамандар арасында кәсіби білім, әдістемелік материалдар мен тәжірибе алмасу да келісімнің маңызды бөлігіне айналады.
Бұл екі елдің спорт ұйымдарына басқарудың тиімді тәсілдерін зерделеп, озық тәжірибелерді ұлттық спорт жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді. Келісімдерді жүзеге асыру үшін жыл сайын бірлескен іс-шаралар мен жұмыс бағыттарын қамтитын жеке ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу қарастырылған.
Осы меморандум Қазақстан мен Намибия арасындағы спорттық байланысты кеңейтіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық Олимпиадалық ынтымақтастықты дамытуға негіз болады.
Келесі материал: Қарамайда Қытай мен Орталық Азия елдері ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады
