3–5 қараша аралығында Ташкенттегі Hyatt Regency Tashkent қонақүйінде «Орталық Азия – Қытай» азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының (C5+1) үшінші конференциясы өтеді. Оған Өзбекстан, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның авиация әкімшіліктері мен әуе компанияларының өкілдері қатысады деп хабарлайды SteppeNews.kz podrobno.uz сайтына сілтеме жасап.
Кездесудің негізгі мақсаты – Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бұрын қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындау.
Тараптар 2024 жылғы 24 қаңтарда Өзбекстан Көлік министрлігі мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы арасында қол қойылған «Әуе Жібек жолын» бірлесіп құру туралы келісім аясындағы міндеттердің орындалуына ерекше назар аударады.
Сондай-ақ конференцияда саланың басым бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен жобаларды іске қосу, әуе көлігі нарығын ырықтандыру, нормативтік-құқықтық базаны үйлестіру және өңірлік әуе қатынасының географиясын кеңейту мәселелері қаралады.
Конференция аясында қатысушы елдер арасындағы әуе қатынасын дамыту, жаңа бағыттарды ашу және қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыру бойынша екіжақты консультациялар өткізу жоспарланған.
Мұндай кездесулерді алты елде кезекпен тұрақты өткізу бастамасын Қытай тарапы ұсынған. C5+1 форматындағы алғашқы конференция 2024 жылы Қытайда, екіншісі 2025 жылы Қазақстанда өткен. Биылғы кездесуді Өзбекстан қабылдайды.
Келесі материал: Қазақстанда екінші жолбарыс табиғатқа жіберілді: Амур Іле-Балқаш резерватында мекендейтін болады
