Тянь-Шань мен Памир тауларының асқақ та қатал сұлулығына бойы үйренген саяхатшы үшін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуйчжоу провинциясына қарасты Либо уезі мүлде бөлек, зүбәржат түстес ғажайып әлем болып ашылады. Жергілікті халық бұл өңірді «жасыл маржан» деп тегін атамаған: аумағының 92%-дан астамын қол тимеген қалың орман алып жатыр. Ауадағы денсаулыққа пайдалы теріс иондардың концентрациясы текше сантиметріне 180 000-ға дейін жетеді. Соның арқасында бұл аймақ табиғи емдеу мен сауықтырудың таптырмас мекені саналады, деп хабарлайды SteppeNews.kz PhotoChina Original «Көптүсті Гуйчжоу – 2026» 19-халықаралық фотокөрмесі мен «Жер өнері маусымы» ауқымды жобасын ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.
Осы күндері провинцияда PhotoChina Original «Көптүсті Гуйчжоу – 2026» 19-шы халықаралық фотокөрмесі мен «Жер өнері маусымы» ауқымды жобасы өтуде. Бағдарлама аясында Орталық Азия елдерінен — Қазақстан, Тажікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген журналистер мен БАҚ өкілдері әйгілі Сяоцикун («Жеті кіші арка») ұлттық паркіне арнайы медиатурмен барды.
Медиатур қатысушылары үшін бұл күн таулар мен тұнық су, байырғы ормандар мен терең үңгірлер, сондай-ақ карст жартастары бір арнада тоғысқан бірегей экосистеманы өз көзімен көруге мүмкіндік берді.

Сяоцикун паркі туралы анықтама
Цяньнань-Буи-Мяо автономиялық округінде орналасқан Сяоцикун табиғи аймағы 46,4 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Климаты — ылғалды субтропиктік муссонды. Парктің геологиялық құрылымы ландшафтың төрт негізгі түрін біріктіреді: жер үсті және жер асты карсттары (соның ішінде Тяньчжундун мен Фэйюнь үңгірлері), өзен-көл жүйелері, тік жартастар мен табиғи субтропиктік ормандар.
1994 жылы КХР Мемлекеттік кеңесі Сяоцикунге ұлттық пейзаждық аймақ мәртебесін берді. 2007 жылы Либо карсты «Оңтүстік Қытай карсты» трансұлттық нысаны құрамында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұралар тізіміне еніп, Гуйчжоу провинциясындағы алғашқы халықаралық қорғалатын аумақ болды. 2015 жылдың шілдесінде паркке ең жоғары 5A ұлттық туристік категориясы берілсе, 2021 жылы ол «Өркениетті туризмнің ұлттық үлгілі нысаны» мәртебесін иеленді.

Тірі экспозиция: 1836 жылғы көпір және ежелгі теңіз шежіресі
Фотокөрмеге қатысушылар үшін Сяоцикун ашық аспан астындағы еңселі табиғи галерея іспетті әсер қалдырды. Мұнда геология тарихы ашық кітаптай оқылады: ғалымдардың айтуынша, бұл бөлшектелген карст пішіндері жүздеген миллион жыл бұрын, Либо аумағы ежелгі мұхиттың түбі болған шақта қалыптаса бастаған.
Парктің басты символы әрі композициялық орталығы — 1836 жылы Цин династиясының Даогуан дәуірінде соғылған жеті аркалы көне тас көпір. Кезінде ол Гуйчжоу мен Гуанси провинциялары арасындағы маңызды өткел қызметін атқарып, кейін бүкіл қорық аймағына өз атын берді.
Бүгінде тастарының арасынан мүк пен папоротник жарып шыққан, ғасырлық ағаштар бұтағын иіп тұрған бұл көпір фотосуретшілердің сүйікті мекеніне айналған. Орталық Азия БАҚ өкілдері де Сяншуй өзенінің көгілдір түсті суы ағып жатқан көне тас аркалардың классикалық көрінісін таспаға басып алды.
«Мұнда 1836 жылғы тарихи сәулет өнерінің субтропиктік табиғатпен соншалықты үйлесім тапқаны таңғалдырады. Бұл — кез келген халықаралық көрмеге дайын тұрған керемет кадр», — деді пресс-тур қатысушылары.
«Сұлу бойжеткен» сарқырамалары, «судағы орман» және Юаньян көлінің сыры

Сяоцикун аумағындағы серуендеу бағдарлары барынша қолайлы ұйымдастырылған: негізгі нысандар арасында экологиялық автобустар қатынайды, дегенмен ең жарқын әсерлер мен сәтті кадрларды журналистер жаяу аралау кезінде кездестіреді.
Қонақтар парктің басты көрікті жерлерімен танысты. Аумағы 13 гектарды, ал тереңдігі кей жерлерде 40 метрден асатын Юаньян көлінің су лабиринті арқылы өтті. Жер асты өзендерімен қоректенетін көл суы жарықтың түсуіне байланысты зүбәржат түстен көгілдір түске дейін құбылып тұрады. Сондай-ақ, жарты шеңберлі кең сарқырамасы бар Волунтан зүбәржат тоғаны мен өзеннің мүк басқан тастар арасымен сарқырай ағатын 68 сатылы каскады ерекше қызығушылық тудырды. Ал «Судағы орман» мен «Тастағы орман» аймақтары саяхатшылардың табиғат туралы танымын мүлде өзгертті: мұнда ағаштар мен бұталар мөлдір ағын судың дәл ортасында және әктасты жартастарда өсіп тұр, ал су олардың тамырларының арасымен сырғып ағып жатады.
Қатысушыларға Цуйгу мен Лая сарқырамалары да қатты ұнады (жергілікті буи халқының тілінде «Лая» — «сұлу бойжеткен» дегенді білдіреді). Жартастан құлаған асау су мен ауадағы салқын су шаңы аптапта сергітерлік қарама-қарсылығын сыйлады. Соқпақ бойында ұшып жүрген, кейде қонақтардың иығы мен камера объективтеріне қонақтайтын жарқын көбелектер бұл үйлесімділікті толықтыра түсті.
Орталық Азия көзқарасы: мәдени және экологиялық диалог

Орталық Азия Журналистері үшін Сяоцикунге саяхат тек туристік нысанмен танысу емес, маңызды кәсіби тәжірибе болды. Либо — мінсіз экосистема мен бай этникалық ерекшелік ұштасқан мекен. Бұл өңірді байырғы заманнан бері буи, мяо, яо және шуй халықтары мекендейді, олардың дәстүрлері, қолөнері, әуендері мен ұлттық тағамдары табиғи ландшафтпен толық үйлесім тапқан.
Медиатур қатысушылары табиғатты қорғауға бағытталған инфрақұрылымның жоғары деңгейін атап өтті: Либоның басты байлығы — жасанды ғимараттар емес, болашақ ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақталған табиғаттың өзі.
Либодағы «Жеті кіші арка» тау табиғатының қаншалықты алуан түрлі, көпқырлы әрі жанды болатынын дәлелдеді. Бұл сапар Орталық Азия БАҚ қоғамдастығының мақалаларында, фоторепортаждары мен сюжеттерінде Гуйчжоу провинциясының табиғи әрі мәдени байлығының жарқын дәлелі ретінде қалары сөзсіз.
Келесі материал: Қазақстандағы ең қарт зейнетақы алушы 116 жасқа толды
