Қытайдың Иу қаласында қазақстандық халықаралық вокалдық жоба Silk Way Star шоуының екінші маусымының түсірілімі басталды. Жоба Ұлы Жібек жолы бойындағы елдердің өнерпаздарын біріктіріп, мәдени алмасуды дамытуға және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Шоудың ресми басталу рәсімінде «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Құнтұған жобаның мемлекетаралық деңгейде қолдау тапқанын атап өтті. 2025 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин бастаманы жүзеге асыру туралы келісімге қол қойған.

Еркежан Құнтұғанның айтуынша, Қазақстан Президенті Silk Way Star жобасын заманауи мәдени дипломатияның үлгісі ретінде бағалаған. Жоба музыка арқылы халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттырып, достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Екінші маусымды Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені Қытайдың Медиакорпорациясымен (CMG) бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Биылғы маусымда бір сахнада 12 елдің вокалистері өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Вьетнам, Малайзия, Түркия, Сербия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жаңа Зеландия, Бразилия және Грузия бар.

Қазақстан атынан халықаралық байқауға әнші Рухия Байдукенова қатысады.
Шоу форматына да өзгерістер енгізілді. Байқауға қатысушылар барлық 10 шығарылым бойы жобаға қатысуын жалғастырады, ал жеңімпаз қорытынды жиынтық нәтиже бойынша анықталады. Бұл тәсіл көрермендерге өнерпаздарды түрлі музыкалық жанрларда тамашалап, олардың шығармашылығы мен мәдени дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Қатысушылардың бағдарламасына дайындық, репетициялар, сахнадағы қойылымдар және мәдени алмасу шаралары кіреді. Музыканттар вокалдық өнер арқылы өз елдерінің ұлттық ерекшеліктерін таныстырады.
Silk Way Star жобасының алғашқы маусымы 2025 жылы Астанада өтті. Жоба халықаралық мәдени алмасуды дамытуға, өнерпаздарды қолдауға және Азия елдерінің музыкалық әралуандығын насихаттауға бағытталған.
Екінші маусым да музыка арқылы мәдени диалог орнатып, түрлі елдердің өнерпаздарын, телевизиялық топтары мен көрермендерін бір алаңда біріктіруді жалғастырады.
