Республикалық маңызы бар автожолдарда көлігі бұзылған жүргізушілерге жедел техникалық көмек көрсетіле бастады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды өңірлік көлік прокуратурасымен бірлесіп, арнайы сервисті пилоттық режимде іске қосты. Бұл туралы SteppeNews.kz «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір арнайы қызғылт сары пикаптар Астана – Аршалы және Астана – Теміртау бағыттарында қызмет көрсетіп жатыр. Көмек шақыру үшін жүргізушілер 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. Қызмет тегін көрсетіледі.
Егер көлік жолда тоқтап қалса, дөңгелегі жарылса, көлікке техникалық ақау келсе немесе оны сүйреп әкету қажет болса, жүргізуші 1403 нөміріне қоңырау шалып, өзінің нақты орналасқан жерін, қозғалыс бағытын және туындаған мәселені операторға хабарлауы керек.
Өтініш қабылданғаннан кейін оқиға орнына техникалық қызмет экипажы жіберіледі.
Арнайы пикаптар жол бойында алғашқы техникалық көмек көрсетуге қажетті құрал-саймандармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Көліктер ашық қызғылт сары түске боялып, арнайы жарық сигналдарымен жабдықталған. Бұл олардың жол қозғалысына қатысушыларға алыстан анық көрінуіне мүмкіндік береді.
Экипаждар дөңгелек зақымданған немесе жарылған жағдайда, көлікте техникалық ақау пайда болғанда, оны сүйреп әкету қажет болғанда және жүргізуші өздігінен қозғалысын жалғастыра алмайтын басқа да жағдайларда көмек көрсете алады.
Жаңа сервистің негізгі мақсаты – жүргізушілерге техникалық көмек көрсетумен қатар, жолдағы ықтимал қауіпті жағдайларды мүмкіндігінше тез жою.
Көліктің трассада амалсыз тоқтап қалуы, әсіресе жоғары жылдамдықпен жүретін учаскелерде, түнгі уақытта немесе қолайсыз ауа райында, жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қосымша қауіп тудырады. Сондықтан тоқтаған көліктің орнын дер кезінде белгілеу, жүргізушіге қажетті көмек көрсету және қажет болған жағдайда көлікті қауіпсіз жерге шығару маңызды.
Пилоттық жоба жаңа қызметке деген сұранысты, техникалық көмек көрсету экипаждарының әрекет ету уақытын және жүргізушілер жиі кездесетін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Жинақталған тәжірибе республикалық маңызы бар автожолдардағы техникалық көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту кезінде ескерілмек.
Көмекті қалай шақыруға болады?
Республикалық трассада көлік бұзылып немесе басқа да күтпеген жағдай туындаған жағдайда, жүргізуші 1403 қысқа нөміріне хабарласуы қажет. Операторға көліктің тұрған жерін, қозғалыс бағытын және мәселенің сипатын айту керек.
Техникалық қызмет келгенге дейін мүмкіндігінше көлікті жолдың жүру бөлігінен қауіпсіз жерге шығарып, авариялық жарық сигналын қосып, қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.
Жаңа сервистің басты мақсаты – республикалық трассаларда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге жедел көмек көрсетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру.
