«Astana Motors» құрамына кіретін Қазақстандағы BYD-дің ресми дистрибьюторы 2026 жылдың екінші жартыжылдығында отандық нарыққа жаңа премиалды DENZA автокөлік брендін шығаруды жоспарлап отырғанын жариялады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Брендтің Қазақстандағы алғашқы моделі заманауи технологияларды, жоғары жайлылықты және жол талғамайтын кең мүмкіндіктерді біріктірген флагмандық DENZA B8 гибридті көлігі болмақ.

DENZA – инновациялық инженерлік шешімдерімен және ерекше дизайнымен танымал BYD тобының премиум бренді. Қытай нарығында бұл модель Fang Cheng Bao Leopard 8 деген атаумен белгілі. Брендтің негізі 2010 жылы BYD мен Daimler серіктестігінің нәтижесінде қаланған.
Жаңа жол талғамайтын көлік фирмалық DMO (Dual Mode Off-road) платформасында құрастырылған. Оның күштік қондырғысы 2,0 литрлі турбожадты бензинді қозғалтқыш пен екі электр моторынан тұрады. Бұл жүйе толық жетекті (4WD) қамтамасыз етіп, жоғары динамика береді:
-
Жылдамдық: Көлік орнынан қозғалып, 100 км/сағ жылдамдықты небәрі 4,8 секундта бағындырады.
-
Электрлі жүріс қоры: Тек электр қуатымен (NEDC циклі бойынша) 115 шақырымға дейін жүре алады.
-
Батарея және зарядтау: Сыйымдылығы 36,8 кВт·ч болатын литий-железо-фосфатты батарея тұрақты токпен жылдам зарядтауды қолдайды (шамамен 16 минутта қуатталады).

Фото: Astana Motors баспасөз қызметі
DENZA B8 рамалы шанақ конструкциясына ие. Көліктің басты ерекшеліктерінің бірі – DiSus-P интеллектуалды гидравликалық жүйесі. Ол жолдың жағдайына байланысты клиренсті (көліктің жерден биіктігін) және аспаның (подвеска) сипаттамасын автоматты түрде өзгертіп отырады. Сондай-ақ, Intelligent U-Turn жүйесі алдыңғы және артқы электр қозғалтқыштарының жұмысын үйлестіріп, тар кеңістікте көліктің бұрылу маневрлігін айтарлықтай арттырады.
Салон іші өте кең және сатып алушылардың таңдауына қарай 6 немесе 7 орынды нұсқада ұсынылады.
Отандық нарық үшін бұл темір тұлпар арнайы бейімдеуден өтеді. Көліктің мультимедиа жүйесі мен дауыспен басқару функциясы қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ фирмалық мобильді қосымша мен өндірушінің ресми кепілдігі беріледі.
Қазақстанда DENZA B8 шанағының 5 түрлі түсі қолжетімді болады:
-
Tundra Green (тундра жасылы)
-
Moonlight Silver (айлы күміс)
-
Golden Dawn (алтын шапақ)
-
Shadow Black (көлеңкелі қара)
-
Snow White (ақшақар)
Ал салон интерьері екі түрлі түс схемасында Deep Black және Wheat Yellow безендіріледі. Брендтің ресми сатылымы 2026 жылдың екінші жартысында басталады деп күтілуде.
