Қытай экономикасы терең өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жоғары технологиялар секторы мен сыртқы сауда қарқынды дамығанымен, ел ішіндегі сұраныс әлі де баяу, ал өндіріс шығындары біртіндеп өсіп келеді. Бұл құрылымдық өзгерістер Моңғолияның экономикалық мүдделеріне тікелей әсер етіп, көмір, мыс және стратегиялық шикізат саудасындағы жағдайды өзгертуде деп жазады, SteppeNews.kz Монголия Сейчас ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
2026 жылғы қыркүйектегі статистика бұл үрдісті растайды. Осы кезеңде Қытай экспорты 36,3 пайызға, ал импорты 31 пайызға өскен. Бұл жағдай Моңғолия үшін екіжақты әсерін тигізуі мүмкін. Бір жағынан, Қытайдың технологиялық дамуы мыс пен сирек металдарды жеткізуге ұзақ мерзімді мүмкіндіктер ашады. Екінші жағынан, Қытай өнімдерінің қымбаттауы жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алатын моңғолиялық компаниялардың шығындарын арттырады. Дегенмен Қытайдағы өндірушілер бағасының өсуі барлық салада бірдей болмайды. Сондықтан оның Моңғолия импортына әсері де әркелкі болуы мүмкін.
Бейжіңнің жергілікті бюджеттер мен инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға 550 млрд юань бөлу туралы жуырдағы шешімі болат пен мысқа деген сұраныстың сақталуына негіз береді. Ал көмір нарығындағы жағдай күрделірек. Моңғолиядан көмір экспортының өсу қарқыны айтарлықтай баяулаған: бірінші жартыжылдықта 56,3 пайыз болса, тоғыз айдың қорытындысында 37,6 пайызға дейін төмендеген. Бұл нарықтағы тұрақсыздықты көрсететін маңызды белгі.
Қалыптасқан жаңа жағдайда Моңғолия экспорт тиімділігін бағалау тәсілін өзгертуі қажет. Енді тек жеткізілген шикізат көлеміне сүйену жеткіліксіз. Әр тоннадан түсетін таза пайданы арттыруға, логистикалық шығындарды азайтуға және келісімшарттардағы баға шарттарын нарық жағдайына қарай икемдеуге басымдық беру керек.
Бұған дейін Моңғолия ресурстарына деген сұраныс негізінен Қытайдағы урбандалу үдерісі мен құрылыс саласының қарқынына тәуелді болған. Алайда бұл кезең біртіндеп артта қалып келеді. Қазір Қытай экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің қатарында жасанды интеллект, автоматтандыру және «жасыл» энергетика бар. Жаңа жағдайда бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпау үшін Моңғолия үш бағытқа басымдық беруі қажет.
Экспорт тиімділігін арттыру. Логистикалық шығындарды азайтып, сұраныс құбылған жағдайда да көмір экспортын табысты ету маңызды.
Технологиялық өзгерістерге бейімделу. Мыс пен стратегиялық минералдарды өндіру көлемі мен өңдеу тәсілдерін Қытайдың жоғары технологиялық салаларының сұранысына сәйкестендіру қажет. Бұл ретте шикізатты заманауи әдістермен өңдеуге басымдық берген жөн.
Ынтымақтастықты тереңдету. Моңғолия тек шикізат жеткізуші ел рөлінде қалмай, энергетика, логистика және технология алмасуды қамтитын толыққанды әріптестікке көшуі керек.
Қытай экономикасындағы трансформация – сыртқы жағдайлардың жай ғана өзгеруі емес, Моңғолия үшін экспорттық стратегиясын қайта қарауға түрткі болатын маңызды фактор. Ендігі жерде Моңғолия экономикасының болашағы көрші елдің жалпы экономикалық өсіміне ғана емес, Қытай өнеркәсібінің жаңа келбетін қалыптастырып жатқан технологиялық өндіріс тізбектеріне қаншалықты кіріге алатынына да байланысты.
Келесі материал: GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесі Алматыда өтеді
