Отандық FlyArystan әуе компаниясы Алматы мен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы алғашқы тікелей тұрақты рейсін сәтті орындады, деп хабарлайды SteppeNews.kz тілшісі.
Осылайша, FlyArystan екі мегаполис арасында тікелей әуе көпірін орнатқан алғашқы қазақстандық тасымалдаушы атанып отыр.

Алматы қаласы Туризм басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, жаңа бағыт бойынша ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері қатынайды. Рейстер заманауи Airbus A320 әуе кемелерімен жүзеге асырылмақ. Мамандардың пікірінше, бұл бағыт екі ел арасындағы туризмді ғана емес, іскерлік байланыс пен мәдени дипломатияны да жаңа деңгейге көтереді.
Шэньси провинциясының орталығы саналатын Сиань – Қытайдың ірі көлік тораптарының бірі. Бұл қалаға қонған қазақстандық жолаушылар ішкі рейстер мен жоғары жылдамдықты теміржол желісі арқылы Бейжің, Шанхай, Чэнду және Гуанчжоу сияқты Қытайдың басқа да ірі қалаларына оңай саяхаттай алады.

Бұл жоба Алматының аймақтағы негізгі авиациялық орталық (хретіндегі рөлін бекіте түспек. Қытайдан келетін туристер мен кәсіпкерлер Алматы арқылы Қазақстанның өзге де өңірлеріне, атап айтқанда Астана, Шымкент, Қарағанды, Семей, Түркістан және Орал қалаларына ыңғайлы рейс алмастыру мүмкіндігіне ие болады.
2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша, Алматы әлемнің 53 қаласымен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Сиань бағыты қосылғаннан кейін Алматыдан Қытайға шығатын тікелей рейстердің географиясы тіпті кеңейді. Қазіргі таңда отандық әуежайдан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Чэнду, Үрімжі, Құлжа (Инин), Ханчжоу және Санья қалаларына тікелей ұшуға болады.
