2026 жылғы 26 маусымда еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және Табиғи Ресурстар Министрлігі хабарлады.
Өрттердің басым бөлігі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында тіркелген. Атап айтқанда, Ақмола облысында – 1, Шығыс Қазақстан облысында – 1, «Семей орманы» резерватында – 9 және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында 2 өрт оқиғасы орын алған.
Барлық өрт ошақтары орман күзеті қызметі мен «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бірлескен жұмысының арқасында дер кезінде анықталып, жедел түрде оқшауланған.

Сондай-ақ министрлік өкілдері соңғы күндері «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарының аумағында найзағайлы фронттардың өткенін атап өтті. Осыған байланысты орман күзеті күшейтілген дайындық режиміне көшірілген.
Өрт қауіпті кезеңнің жалғасуына байланысты мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
