Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Кітапханалар одағының көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітапхана саласын жетілдіру мәселелері қарастырылды деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі сілтеме беріп.
Іс-шара Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырда қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Құжатта кітапхана ісін дамыту мен кітап оқуды насихаттау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіленген.

Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, кітапхана саласының мамандары мен Қазақстан Кітапханалар одағының мүшелері қатысты.
Жиында кітапхана ісін жаңғыртуға бағытталған бірқатар бастама ұсынылды. Атап айтқанда, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасын әзірлеу, «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске қосу, сондай-ақ кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған ұлттық сыйлық тағайындау мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу ұсынылды. Қатысушылардың пікірінше, бұл бастамалар қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, зияткер ұлт қалыптастыруға ықпал етеді.
Жиын қорытындысында кітапхана ісі мен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.
