Ингушетияның Карабулак қаласында 15 маусым күні жоғалып кеткен 8 жасар Хизир Дербичевті іздестіру жұмыстары әлі де нәтижесіз. Бұл туралы «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап SteppeNews.kz хабарлайды.
Қайғылы оқиға өзен бойында болған. Кішкентай Хизир суға батып бара жатқан досы Адамды көріп, ойланбастан көмекке ұмтылған. Ол досын су бетіне итеріп үлгерген. Соның арқасында Адам жағадағы ағаш тамырларына жабысып, аман қалды. Алайда ағысы қатты өзен Хизирдің өзін іліп әкеткен. Оқиға орнында болған үшінші бала үлкендерді көмекке шақыруға жүгірген. Кейіннен Адам судан шығарылғанымен, Хизирді табу мүмкін болмады.
Кішкентай кейіпкерді іздеу шараларының басталғанына бес күннен асты. Құтқару жұмыстарына тек Ингушетияның ғана емес, бүкіл Солтүстік Кавказ аймағының мыңдаған еріктілері қосылды. Олар өзен арнасын, жағалау сызығын және маңайдағы аумақтарды мұқият тексеріп жатыр. Іздеу ауқымы сағат санап кеңеюде.
Дегенмен, аймақтағы қолайсыз ауа райы құтқарушыларға кедергі келтіріп тұр. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан өзен деңгейі көтеріліп, су ағысы тым қатты күшейген.
Осы қиын сәтте жергілікті тұрғындар да бейжай қалмай, іздеу тобына барынша қолдау көрсетуде. Олар күн-түн демей жұмыс істеп жатқан еріктілер мен құтқарушыларға азық-түлік пен ауыз су жеткізіп жатыр.
Айта кету керек, бұған дейін әлеуметтік желілерде «бала табылды» деген ақпарат тарап кеткен болатын. Алайда бұл хабарлама ресми түрде теріске шығарылды. Белгілі болғандай, желідегі фотосурет ескі мұрағаттан алынған және бұл оқиғаға еш қатысы жоқ.
Қазіргі уақытта Хизир Дербичевті іздеу-құтқару операциясы күшейтілген режимде жалғасуда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
