Ақтөбеде автогазозаправка станциясының маңында болған қайғылы оқиға салдарынан үш адам, соның ішінде екі жасөспірім көз жұмды. Тағы бір ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 19 маусым күні кешке Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының (АГЗС) аумағында болған. Сағат 22:55-те өрт сөндіру қызметіне станция маңында жеңіл көліктің тұтанғаны туралы дабыл түскен.
Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар тілсіз жауды 8 минут ішінде толық ауыздықтады. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның газ құю станциясының негізгі нысандарына ауысуына жол берілмеді. Осылайша, бұдан да ірі жарылыстың алдын алу мүмкін болды.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін, көлік салонын тексеру барысында үш адамның жансыз денесі табылды. Қаза болғандардың екеуі — кәмелетке толмаған балалар.
Сондай-ақ, оқиға салдарынан зардап шеккен 54 жастағы ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқас денесінің жоғарғы бөлігін күйік шалған. Қазіргі уақытта ол реанимация бөлімінде жатыр, есін біледі және оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Төтенше жағдайды жоюға ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері мен 10-нан астам арнайы техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта автокөліктің неден тұтанғаны анықталып жатыр. Болған оқиға бойынша ресми тергеу амалдары басталды.
