Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи газды өңдеу және өнеркәсіптік газ өндіру бойынша әлемдік көшбасшы саналатын америкалық Air Products компаниясының бас атқарушы директоры Эдуардо Менезеспен кездесу өткізді, деп хабарлайды SteppeNews Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар газ өңдеу және өнеркәсіптік газ өндірісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің болашағын пысықтады. Президент өз сөзінде Америка Құрама Штаттарының Қазақстан үшін ең ірі әрі маңызды экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтіп, еліміздің өзара тиімді байланыстарды одан әрі кеңейтуге барынша мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Эдуардо Менезес Air Products компаниясының отандық нарыққа, оның ішінде газ өңдеу, газ химиясы және көмірді терең өңдеу бағыттарындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Шетелдік инвестор компанияның Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция құю мүмкіндіктерін белсенді қарастырып жатқанын алға тартты.
Мемлекет басшысы америкалық алпауыттың бұл бастамаларына оң баға беріп, Қазақстан үкіметі тарапынан инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін қажетті барлық қолдау шаралары көрсетілетінін растады.
Айта кетсек, Air Products — АҚШ-тағы ең ірі корпорациялардың бірі. Компания көгілдір отынды өңдеумен қатар, өнеркәсіпке қажетті азот, сутегі және оттегі сияқты газдарды өндіруде халықаралық нарықта жетекші орынға ие.
