«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында кәмелеттік жасқа толған жастарға бөлінген миллиондаған доллар игерілмей жатыр, деп хабарлайды SteppeNews Qazaq Expert Club талдау орталығына сілтеме жасап.
Жоғары аудиторлық палатаның соңғы деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша есептелген 30,6 миллион доллардың 84,9 пайызы немесе 26 миллион долларға жуығы пайдаланылмаған.
Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Венера Жаналинаның мәлімдеуінше, бұл мәселенің ауқымы әлдеқайда кең әрі жүйелі сипатқа ие. Оның деректеріне сәйкес, соңғы екі жыл ішінде 18 жасқа толған қатысушыларға тиесілі 106,2 миллион доллардың 74,6 миллион доллары шоттарда қозғалыссыз қалған, яғни жинақтың шамамен 70 пайызы әлі игерілмеді.
Алайда бұл көрсеткіш бағдарламаның тиімсіздігін емес, алушылардың табиғи мінез-құлқын көрсетеді. 18 жастағы жастардың көбі грантқа түсіп, оқу бағытын нақтыламауы мүмкін, ал жинақталған сома баспана мәселесін толық шешуге жеткіліксіз. Қазіргі уақытта ең басты мәселе — мақсатты шоттарға аударылғаннан кейін бұл қаражаттың инвестициялық айналымнан шығып қалуы. Бала кәмелетке толғанға дейін ақша Ұлттық қор активтері құрамында жұмыс істеп, табыс әкелсе, 18 жастан кейін өсуін тоқтатады.
Qazaq Expert Club сарапшысының есептеуінше, Ұлттық қордың АҚШ долларындағы соңғы 18 жылдық орташа кірістілігн (2,97%) негізге алсақ, бос тұрған 74,6 миллион доллар жыл сайын 2,2–2,3 миллион доллар қосымша табыс әкеле алар еді. Осы ретте уақытша пайдаланылмаған қаражатты қайта инвестициялау мүмкіндігін қарастыру қисынды көрінеді, бірақ бұл қадам бағдарламаның бастапқы әлеуметтік мақсатын өзгертпеуі тиіс.
Жоғары аудиторлық палатаның бұл ақшаны «экономикаға тарту» туралы ұсынысына сақтықпен қараған жөн. Бұл жинақтар еркін мемлекеттік ресурс емес, олар нақты азаматтарға тиесілі болғандықтан, басты міндет — бала капиталын сақтау және көбейту. Егер кәмелетке толған жастардың игерілмеген ақшасын инвестициялау туралы шешім қабылданса, қаражат нақты алушының атында қалып, стратегия барынша консервативті және ашық болуы шарт.
Сонымен қатар барлық инвест-табыс шот иесіне жазылып, жас азамат кез келген сәтте жинағын білімге немесе тұрғын үйге жұмсау құқығын сақтап қалуы тиіс. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы тек әлеуметтік көмек емес, жастардың бастапқы капиталын қалыптастыратын құрал болуы үшін кез келген реформада жүйенің емес, қаражат алушының мүддесі басым болуы керек.
