Қазақ мәдениеті мен айтыс өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Астана – Қостанай бағытындағы тасжолда болған қайғылы жол-көлік оқиғасы салдарынан белгілі айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов өмірден озды. Бұл туралы SteppeNews.kz ақпараттық порталы Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Суық хабарды жеткізген марқұмның әріптесі Марғұлан Оспановтың сөзінше, ерлі-зайыптылар Астана қаласынан таңғы сағат төрт шамасында Қостанайға қарай бет алған. Олар дәл сол күні мектепті үздік тәмамдап, қызыл аттестат пен «Алтын белгі» алуы тиіс болған қыздары Алтынайдың салтанатты жиынына үлгеру үшін асыққан екен.
Қайғылы оқиға Атбасар мен Есіл қалаларының арасындағы күре жолда орын алды. Жүректі сыздатқан қаралы хабарды өнер ұжымына марқұмдардың ұлы Нұрсұлтан естірткен.
Салтанат Амантайқызы тек айтыс өнерінде ғана емес, еліміздің мәдениеті мен ғылымында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол тарих ғылымдарының магистрі ретінде Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Салтанат Өтелбаева өңірдегі тарихи-мәдени мұраны сақтау, оны кеңінен насихаттау бағытындағы көптеген ғылыми-зерттеу жобалары мен көрмелердің басы-қасында жүріп, жемісті еңбек етті.
Өнердегі әріптестері мен жақындары Салтанат Амантайқызын әрдайым жарқын жүзді, парасатты, ашық мінезді және бауырмал жан ретінде еске алуда. Мәдениет қауымдастығы мен қалың көрермен ерлі-зайыптылардың отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Марқұмдардың иманы саламат, жандары жәннатта болсын.
