Байчэн уезінің партия комитеті мен жергілікті үкіметінің инвестиция тарту бағдарламасы аясында 2019 жылдың қазан айында «Байчэн Цзяшунь картоп өнеркәсібі және технологиялық даму» компаниясы құрылған болатын. Кәсіпорын Чаэрци кенті әкімдігінің батысына қарай 3 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Байчэн аймағының картоп өсіруге өте қолайлы географиялық әрі табиғи климаттық жағдайларын тиімді пайдалана отырып, инвесторлар жалпы құны 370 миллион юаньды құрайтын біртұтас өндірістік кешен салуды жоспарлап оотыр. Жоба аясында картоп селекциясы, өнімді сақтау және балғындығын сақтау тоңазытқыштары, сауда орталығы мен терең өңдеу кәсіпорындарын біріктіру көзделген. Үш кезеңнен тұратын бұл ауқымды жобаны толықтай аяқтау бастапқыда 2023 жылға жоспарланған еді.

Өндіріске енгізілген озық технологиялар мен картоп сұрыптары
Қазіргі уақытта компания Қытайдың негізгі картоп өсіретін аймақтары саналатын Хэбэй, Ганьсу провинциялары мен Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының өндірушілер қауымдастықтарымен тығыз әріптестік орнатқан. Осы ынтымақтастық шеңберінде заманауи өндіріс технологиялары, жоғары сапалы сұрыптар, ірі ауыл шаруашылығы техникасы және ғылыми негізделген басқару әдістері енгізілуде.
Кәсіпорын қазірдің өзінде 226 келешегі зор картоп сұрыбын өндіріске енгізіп, көбейтуде. Олардың қатарында «Холланд № 7», «Холланд № 15», «Луншу № 6», V7, V8 және «Цзиньдо № 3» сияқты сұрыптар бар. Бұл заманауи тәсіл өнімділіктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, табысты арттыруға берік негіз қалайды.


Заманауи тоңазытқыш кешенінің құрылысы мен жабдықталуы
Бүгінгі таңда сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын тоңазытқыш кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Ауданы 6 593,28 шаршы метрді құрайтын бұл нысанның жалпы құны 22 миллион юаньға бағаланып отыр. Жобаны қаржыландыру ҚХР Орталық бюджетінен кедейлікпен күреске бөлінген арнайы қаражат есебінен толық көлемде жүзеге асырылды.
Кешен тоңазытқыш қондырғыларымен, төрт электрлі тиегішпен, өнімді жуу, сұрыптау және іріктеуге арналған бір өндірістік желімен жабдықталған. Сонымен қатар машина бөлімі, таратушы подстанция, су резервуары және сыртқы инженерлік желілер салынды. Тоңазытқыштың екі жағында ауданы 2 611,2 шаршы метрді құрайтын екі сұрыптау-өңдеу цехы орналасқан. Кешеннің өзі әрқайсысының ауданы 342 шаршы метр болатын 12 жеке камерадан тұрады және әр камераға 800 тоннаға дейін картоп сыяды.

Жергілікті халықты жұмыспен қамту
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 ақпанында басталып, қазіргі уақытта нысан пайдалануға берілуге дайын. Жоба толық жүзеге асқаннан кейін тоңазытқыш кешенінің меншік құқығы төрт ауылға: Чаэрци кентінің Кайкулак, Лаохутай волосінің Топулук пен Кэтайкэтэур, сондай-ақ Мицзик волосінің Дунмайли ауылдарына бірлесіп беріледі.


«Цзяшунь» компаниясы бұл кешенді жалға алу шарттарымен пайдаланып, жыл сайын жобаға салынған инвестиция көлемінің 6 пайызы мөлшерінде жалдау ақысын төлеп тұрады. Осы жиналған қаражат аталған төрт ауылдың тұрғындары үшін қоғамдық жұмыс орындарын құруға бағытталады.

Бұдан бөлек, кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартып, аз қамтылған отбасыларға картоп өсіруге көмектесуді және дайын өнімді қайта сатып алу арқылы оларға басымдықты қолдау көрсетуді жоспарлауда. Белсенді өндіріс кезеңінде кәсіпорын 20 тұрақты жұмыс орнын ашып, 600-ден астам уақытша жумысшыны тартады. Жалпы алғанда, жоба 1 000 отбасыға тікелей пайда әкеліп, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жұмыссыздық мәселесін шешуге елеулі үлес қосады.
Оқи отырыңыз: Ақ алтынның жаңа дәуірі: Шыңжаң технологиясы Орталық Азия алқаптарын қалай бағындырды?
Келесі материал: Алматыда жолақы төлемейтіндерге бақылау күшейеді: Билік 556 миллион теңге бөлмек
Посмотреть эту публикацию в Instagram
