АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласындғы» Халықаралық бокс даңқы залына» жаңа мүшелерді қабылдау салтанаты өтті. Бұл элиталық клубқа Қазақстан тарихында тұңғыш рет даңқты боксшы Геннадий Головкин енді, деп хабарлайды SteppeNews.kz Olympic.kz — ке сілтеме жасап.
Геннадий Головкин бұл мәртебеге алғашқы мүмкіндіктен-ақ ие болды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сияқты әлемдік бокс аңыздарымен бір қатарда тұр.

«2026 жылғы таңдаулылар» қатарына отандасымызбен бірге ерлер арасында Антонио Тарвер (АҚШ) мен Найджел Бенн (Ұлыбритания), сондай-ақ әйелдер арасында япониялық Наоко Фудзиока мексикалық мен Джеки Нава енді.
Геннадий Головкиннің бұл мәртебеге ие болуы оның рингтегі бірегей әрі феноменалды статистикасымен тікелей байланысты. Ол әуесқой бокста барлығы 350 жекпе-жек өткізіп, соның 345-інде айқын жеңіске жеткен және ұзақ жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болды. Кәсіпқой рингке ауысқаннан кейін де отандасымыз XXI ғасырдағы орта салмақтың ең үздік доминантты чемпионы ретінде танылды. Ол өз карьерасында 45 кездесу өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді, соның ішінде 37 жекпе-жекті нокаутпен аяқтады.

Сондай-ақ Головкин кәсіпқой бокста орта салмақ дәрежесі бойынша тоғыз жыл бойы қатарынан 23 рет нокаут жасап, бұрын-соңды болмаған тарихи рекорд орнатты. Ол өзінің чемпиондық атақтарын 21 рет сәтті қорғап, WBA, WBC, IBF, IBO белбеулері мен беделді The Ring журналының поясын иеленді. Оның мерзімінен бұрын жеңіске жету көрсеткіші 90 пайыздан асып, әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары нәтиже ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енгізілген. Салмақ дәрежесіне қарамастан әлемдік рейтингті ұзақ уақыт бойы бастап тұрған қазақстандық боксшы HBO телеарнасымен келісімшарт жасасқаннан кейін миллиондаған көрерменді экранға жіпсіз байлап, жаһандық деңгейдегі басты жұлдызға айналды.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетін және Халықаралық World Boxing ұйымын басқарып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
