АҚШ-та 24 жастағы Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың жоғалып кетуіне байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Асет Құралбай Иллинойс штатындағы Чикаго қаласына жақын орналасқан Форд-Хайтс ауданында тұрған. Ол соңғы рет 2 маусым күні жақындарымен байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бері оның телефоны өшірулі болғаны айтылды.
Осы оқиғаға қатысты NUR.KZ тілшілері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған.
Министрлік Асет Құралбайдың жоғалып кеткені туралы ақпараттан хабардар екенін растады.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Чикаго қаласында Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың жоғалып кеткені туралы ақпарат белгілі», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ министрлік қазақстандық дипломаттардың АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен байланыста екенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен тұрақты байланыста болып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы жоғалған азаматтың туыстарымен де тұрақты байланыс орнатқан.
СІМ мәліметінше, жағдай министрліктің ерекше бақылауында.
