Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы «Сыпатай батыр» автомобиль өткізу пунктінде заманауи инспекциялық-тексеру кешені салынады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы 25 қарашада басталады деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жоба өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға, тексеру рәсімдерін жетілдіруге және мемлекеттік шекарадан өту жағдайларын жақсартуға бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Сыпатай батыр» өткізу пункті арқылы 326,8 мың көлік құралы мен 850 мың адам өткен.
Құрылыс кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстанның «Сыпатай батыр» және Қырғызстанның «Чалдыбар» шекаралық өткізу пункттері арқылы көліктің барлық түрінің қозғалысы уақытша шектеледі. Жұмыстар шамамен алты айға созылады деп жоспарланған.
Жаяу жүргіншілер үшін қоршаулармен және ескерту белгілерімен жабдықталған уақытша қауіпсіз жолдар ұйымдастырылады. Олар құрылыс алаңы мен арнайы техниканың қозғалыс аймағынан тыс орналасады.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көлік қатынасын үздіксіз қамтамасыз ету үшін тасымалдаушылар «Қордай», «Қарасу», «Аухатты», «Сортөбе» және «Айша-Бибі» өткізу пункттерін пайдалана алады.
Өткізу пунктін жаңғырту азаматтар мен тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға, трансшекаралық сауданы дамытуға және екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланысты жақсартуға бағытталған.
Азаматтар мен тасымалдаушыларға маршрут жоспарлау кезінде уақытша шектеулерді ескеру ұсынылады.
Келесі материал: Қытай мен Еуропа арасындағы жүк пойыздары 5 мың рейстен асты
