Астанада «Қытай (Цзянсу провинциясы) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастығына арналған іскерлік конференция өтті. Іс-шараның басты жаңалығы – Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясының орталығының ашылуы болды. Бұл орталық қытай компаниялары үшін бірыңғай сервистік хаб ретінде қызмет етеді: консалтинг, көрмелер ұйымдастыру, сондай-ақ «Жібек жолы» электронды коммерциясын қолдау бағыттарын қамтиды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі уақытта бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде. Қытай көп жылдан бері Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық 49 миллиард АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, Қазақстанның үлесіне Қытайдың Орталық Азия елдерімен жүргізетін саудасының шамамен 60 пайызы тиесілі.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті:
«Екі ел көшбасшыларының стратегиялық көзқарасының арқасында біздің әріптестігіміз тұрақты экономикалық өсім мен өңірлік байланыстарды дамытудағы маңызды факторға айналды. Бүгін біз Цзянсу провинциясының бизнес өкілдерін өнеркәсіп, агроөңдеу, мұнай-газ химиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларға шақырамыз. Астанадағы Цзянсу орталығы біздің ынтымақтастығымыздың заңды жалғасы болып, жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин екіжақты әріптестікке жоғары баға берді:
«Қытай мен Қазақстан – ортақ тағдыры бар жақын достар және сенімді серіктестер. Бізді ерекше стратегиялық серіктестік байланыстырады. Экономикаларымыз бірін-бірі толықтырады, сондықтан сауда көлемін екі еселеуге үлкен мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, жасыл экономика және электронды коммерция сияқты салаларда жаңа өсім нүктелерін дамытуға ниеттіміз», – деді ол.
Форум барысында Қазақстан тарапы Цзянсу компанияларын жаңартылатын энергия, электронды коммерция және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Тараптар Ақтау теңіз портында «есіктен шекараға дейін» қағидаты бойынша жаңа контейнерлік жобаны қоса алғанда, логистикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге келді. Сонымен қатар, Қазақстаннан Цзянсуға бидай, ет және бал экспортын ұлғайту арқылы экспортты әртараптандыру жоспарланып отыр.
Жиында Цзянсу провинциясының әлеуетіне де ерекше назар аударылды. Бұл Қытайдағы өнеркәсіп, машина жасау, жоғары технологиялар, цифрлық экономика және ғылыми зерттеулер салаларында жетекші орын алатын ең дамыған өңірлердің бірі. Қазақстан үшін бұл аймақтың тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктері экономиканы жаңғырту және әртараптандыру тұрғысынан аса маңызды.
Қатысушылар машина жасау, энергетика, құрылыс, логистика, цифрлық технологиялар, жаңа материалдар, агроөнеркәсіп кешені және қаржы салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өндірістерді локализациялау, технология трансфері, инженерлік кадрлар даярлау және жаңа өндірістік тізбектер құру мәселелері қаралды.
Қазіргі таңда Цзянсу провинциясының компаниялары Қазақстанда 63 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – провинцияның Орталық Азия елдеріндегі жалпы инвестициясының 47 пайызы. Сонымен қатар, Цзянсу өнеркәсібі әлемдік өндіріс көлемінің 4 пайызын қамтамасыз етеді.
Конференция екі ел арасындағы жаңа іскерлік байланыстар орнатуға арналған тиімді алаңға айналды. Екі тараптың кәсіпкерлері ұзақ мерзімді серіктестікке, бірлескен өндірістерге және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.
