Жансақтау бөлімінде 75 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 56 тәулік және СИПАП терапиясында 15 күн. Бұл көрсеткіштердің артында небәрі 990 грамм салмақпен дүниеге келген қыз баланың өмірі үшін жүргізілген ұзақ күрес жатыр. Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталық мамандары ана мен сәбиді аман алып қалды деп жазады, SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жүкті әйел ауыр преэклампексия жағдайында шұғыл түрде перинаталдық орталыққа жеткізілген. Ана мен баланың өміріне қауіп төнгендіктен, дәрігерлер дереу кесар тілігі отасын жасаған.
Нәресте жүктіліктің 31-аптасында, құрсақішілік даму тежелуімен дүниеге келді. Туған кездегі салмағы 990 грамм, бойы 31 сантиметр болған.

Сәби өмірінің алғашқы минуттарынан бастап қарқынды медициналық көмекті қажет етті. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Оның 56 тәулігі өкпені жасанды желдету аппаратында, ал 15 күні СИПАП терапиясымен өтті.
Бұдан бөлек, нәрестенің кеуде қуысына сұйықтық жиналып, неонаталдық хирургтің қатысуымен қосымша ем жүргізілді. Сондай-ақ қыз бала бронхөкпе дисплазиясына байланысты ем қабылдады.
Осы уақыт ішінде дәрігерлер мен медбикелер сәбидің жағдайын тұрақтандыру үшін тәулік бойы жұмыс істеді. Медицина мамандарының кәсіби біліктілігі мен бірлескен жұмысының нәтижесінде нәрестенің денсаулығы біртіндеп жақсарды.

Өмірінің 101-күні қыз баланың салмағы 2523 грамға жетті. Қазір анасы мен қызы ауруханадан шығып, үйлеріне оралуға дайындалып жатыр.
Көзіне жас алған ана перинаталдық орталық басшылығына, дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді. Ол мамандарға өмірін сақтап қалғаны, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.
101 күнге созылған ем мен күрестің нәтижесінде ана мен сәби аман-есен қауышып, бірге үйіне оралуға мүмкіндік алды.
Келесі материал: Қазақстаннан Ташкентке шаң жетіп, ауа сапасы нашарлауда
