SteppeNews.kz: Алматыдағы Бутаков сарқырамасына барған бір топ жасөспірім табиғи нысанға жазу қалдырып, кейін оларды өз қолымен өшіруге мәжбүр болды.
Сарқырама аумағындағы тастарға түрлі жазулар жазылғаны туралы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдері хабарлады.
Ұлттық парк мәліметінше, қызметкерлер тастарға келушілер қалдырған жазуларды анықтап, оқиғаға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Кейін құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау шаралары ұйымдастырылды.
Тексеру барысында оқиғаға Gemini Education білім беру орталығының оқушылары қатысы бар екені белгілі болды.
Әңгімелесуден кейін жасөспірімдерге щетка беріліп, олар тастардағы жазуларды, соның ішінде «Ернар», «Әділ» секілді өз есімдерін де өздері тазалап өшірді.
Сонымен қатар оқушылар табиғи нысанға келтірілген зиян үшін кешірім сұрады.
Іле-Алатауы ұлттық паркінің өкілдері табиғи аумақтар баршаға ортақ құндылық екенін еске салып, келушілерді табиғатқа ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарауға шақырды.
