SteppeNews.kz: Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде халықаралық Gault&Millau гастрономиялық желісіне енген алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енбек. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап SteppeNews.kz хабарлайды.
Қазіргі таңда Алматы қаласы гид құру туралы келісімшартқа қол қойса, Астана ниет білдіру туралы меморандум бекітті. «Kazakh Tourism» бастамасымен қолға алынған бұл жоба – үш жылға созылған келіссөздердің жемісі.
Gault&Millau – Michelin және World’s 50 Best Restaurants рейтингтерімен қатар, әлемдегі ең беделді үш гастрономиялық жол көрсеткіштің бірі. Бүгінде бұл гид 21 елде жұмыс істейді және 16 мыңнан астам мейрамхананы қамтиды.
Gault&Millau-дың тәуелсіз халықаралық инспекторлары Қазақстандағы мейрамханалар мен қонақүйлерді жасырын түрде аралап, баға береді. Үздік деп танылған мекемелерге «toques» жүйесі бойынша бірден беске дейінгі «аспаз қалпақтары» табысталады.
Тексеру қорытындысы бойынша ағылшын тілінде баспа нұсқасындағы гид жарық көріп, арнайы цифрлық платформа іске қосылады. Сондай-ақ үздік шеф-аспаздарды, кондитерлер мен қонақжайлылық индустриясының мамандарын марапаттау рәсімі өтпек.
