SteppeNews.kz: Қазақстанда 2,18 млн шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 71%-дан астамы — жеке кәсіпкерлер. Алайда салық жүйесінің цифрлануы жағдайында тіпті болмашы қателіктердің өзі бизнеске ауыр қаржылық салдар әкеліп жатыр.
Қазір банк операциялары, электронды шот-фактуралар, онлайн-кассалар мен контрагенттер туралы мәліметтер салық органдары тарапынан автоматты түрде және іс жүзінде нақты уақыт режимінде салыстырылады. Соның нәтижесінде көптеген заңбұзушылық ерте кезеңде-ақ анықталады.
Салық кеңесшісі, қаржыгер әрі Qazaq Expert Club сарапшысы Раушан Тасшоинова Telegram-арнасында кәсіпкерлер арасында ең жиі кездесетін мәселенің бірі — бизнесті «бұрынғыша» жүргізу екенін жазды.
«2026 жылы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін бизнес күнделікті жұмыста қымбатқа түсетін қателіктерге жиі тап болып жатыр», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер көбіне негізгі қателіктерден қаржы жоғалтады: салық режимін уақытылы қайта қарамайды, ҚҚС бойынша міндетті тіркеуді өткізіп алады, жеке тұлғаларға төлемдерді дұрыс рәсімдемейді, мәмілелерге қатысты растайтын құжаттарды жинамайды немесе есептілікті кешіктіріп тапсырады.
Жеке аударымдар мен бизнес операциялары
Жеке қаржы мен кәсіпкерлік қызметті араластыру да тәуекелді күшейтеді.
Бизнес операцияларына жеке банк карталарын пайдалану, есепке алынбаған аударымдар және онлайн-кассадағы мәліметтер мен нақты түсім арасындағы айырмашылықтар салық органдарының назарын жиі аударатын болды.
Тасшоинованың сөзінше, салық жүйесі кез келген сәйкессіздікке әлдеқайда сезімтал бола түскен.
ҚҚС бойынша қателіктер
Ең қымбатқа түсетін қателіктердің бірі — ҚҚС бойынша тіркеу талаптарын бұзу.
2026 жылдан бастап міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК немесе шамамен 43,2 млн теңге болып белгіленген. Егер компания осы межеден асып кетіп, уақытында ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынып, тіркелмей жүргізілген айналымның 15%-ы қосымша есептеледі.
Жеткізушілермен жұмыс істеудегі жаңа тәуекелдер
2026 жылы жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін жеткізушілерден тауар немесе қызмет сатып алу тәртібіне де елеулі өзгерістер енгізілді.
Енді жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі компаниялар мұндай жеткізушілерден алынған тауар, жұмыс және қызметтер бойынша салықтық шегерім жасау құқығынан айырылады.
«Бизнес үшін бұл айыппұлдар мен тексерулерсіз-ақ тікелей қаржылық шығындарға әкеледі. Мысалы, егер жалпыға бірдей режимдегі ЖШС жеңілдетілген режимдегі жеткізушіден 10 млн теңгеге қызмет сатып алса, тек корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша жүктеме 20% мөлшерлемемен шамамен 2 млн теңгені құрауы мүмкін», — деп түсіндірді салық кеңесшісі.
Контрагенттерге бақылау күшейді
Сарапшы контрагенттерді тексеру талаптары да күшейгенін атап өтті.
Оның айтуынша, қазір бастапқы құжаттардың болуы ғана жеткіліксіз. Салық органдары жеткізушінің жұмысты нақты орындай алған-алмағанын, қызмет көрсетуге қажетті қызметкерлері мен ресурстары болған-болмағанын және міндеттемелердің орындалғанын растайтын дәлелдердің бар-жоғын бағалайды.
Сондай-ақ шетелдік контрагенттермен жұмысқа да ерекше назар аудару қажет. Көптеген компания маркетинг қызметтері, жазылымдар мен шетелдік сервистерге төлем жасағанда формалды түрде қарайды. Алайда мұндай операциялардың салықтық салдарын келісімшарт жасалмай тұрып-ақ талдау керек.
Бизнеске салық моделін тұрақты қайта қарау ұсынылды
Тасшоинованың айтуынша, кәсіпкерлер салық режимін, есеп айырысу құрылымын және контрагенттермен жұмыс істеу қағидаларын тұрақты түрде қайта қарап отырғаны жөн.
«Көп жағдайда тәуекелдерді алдын ала тексеру кейін қосымша есептеулерге, бұғаттаулар мен айыппұлдарға тап болғаннан әлдеқайда арзан», — деп түйіндеді сарапшы.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2,18 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтері бойынша.
Сарапшы Раушан Тасшоинованың Telegram-арнасы:
