SteppeNews.kz: Алматы қаласы мен оның маңындағы тау бөктерінде барлығы 44 су айдыны бар, оның 11-і шомылуға тыйым салынған қауіпті санатқа жатады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда ҚР ТЖМ «Барыс» жедел-құтқару жасағының бөлім басшысы Андрей Быбченко шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталатынын хабарлады. Мамандардың айтуынша, суға тек арнайы жабдықталған, құтқару құралдары мен ескерту белгілері орнатылған қауіпсіз демалыс орындарында ғана түсуге болады. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Құтқарушылар жұрт жиі жіберетін қателіктерге, атап айтқанда, ескерту белгілерін елемеу мен тау өзендерінің ағысына мән бермеуге назар аударды. Таудағы күн райының күрт өзгеруі, тайғақ тастар және маңайда құтқарушылардың болмауы оқыс оқиғалардың басты себебі болып отыр.
Андрей Быбченко: «Көбіне оқыс жағдай қарапайым қауіпсіздік ережесін білмеуден болады. Жұрт су айдынының ерекшелігін ескермейді, тау өзеніне суға түседі, тайып кетіп, ағыс алып кетеді», — деп ескерту жасады.
Егер адамның суға батып бара жатқаны байқалса, үрейге берілмей, дереу жедел қызметті шақырып, айналадағыларды көмекке тарту қажет. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті нығайту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қауіпті учаскелерде 98 тыйым салу белгісі мен 50 ескерту жазуы орнатылып, жеті нысанда интеллектуалды бейнебақылау камералары іске қосылған. Сонымен қатар мектептерде, сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп, туристерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
