SteppeNews.kz: Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар арбаларды және басқа да техникалық көмекші құралдарды жалға алып, жөндеуге қайта өткізе алатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, мемлекет оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруді көздеп отыр. Қолданыстағы жүйенің қайтарымсыз негізде жұмыс істеуі құралдардың нақты күйін, тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескеруге мүмкіндік бермейді. Бұл туралы SteppeNews.kz TengriHealth-ке сілтеме беріп хабарлайды.
Осыған байланысты құралдарды жалдау және қайтару шарттарымен қамтамасыз етудің жаңа моделі енгізілмек. Биыл маусым айынан бастап бұл жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында пилоттық режимде сынақтан өткізіле бастайды. Қайтарылған техникалық құралдар сараптамалық бағалаудан өтіп, соның нәтижесі бойынша оларды жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, жалға беру немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады. Мұндай құралдардың қатарына арбалар, кресло-каталкалар, балаларға арналған жүргіштер (ходунки), Брайль жүйесімен жазуға арналған құрылғылар және басқа да заттар жатады.
Министрдің түсіндіруінше, егер азамат техникалық құралды ауыстыру мерзімі өткеннен кейін жүгінсе және құрылғы пайдалануға жарамды деп танылса, ол техникалық қызмет көрсетуден, соның ішінде дезинфекциядан өтіп, қайта айналымға жіберіледі. Ал ақаулар анықталған жағдайда құрал жөндеуге жіберіліп, кейіннен қайта пайдаланылады. Егер оңалту құралы жарамсыз деп танылса, ол есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңа құрылғы беріледі. Шенеуніктің айтуынша, бұл қайтарымды модель құралдарды ұсыну мерзімін қысқартуға және олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап толық іске қосу жоспарланған.
