XXI ғасырда экологиялық проблемалар тек ғалымдар мен мамандардың тар шеңберіндегі мәселе емес, бүкіл қоғамның өмір сапасына тікелей әсер ететін факторға айналды. Климаттың жылынуы, ормандардың кемуі, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің азаюы сияқты құбылыстардың артында көбінесе адамның табиғатқа жауапсыз қарым-қатынасы жатыр.
Еліміздегі экологиялық құқықбұзушылықтардың артуы
Соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз ағаш кесу фактілерінің көбеюі — осының нақты дәлелі. Экология министрлігінің 2024 жылы жариялаған мәліметтеріне сәйкес, заңсыз кесу оқиғалары жыл сайын артып келеді: 2021 жылы 229 жағдай тіркелсе, 2022 жылы — 241, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 270-ке дейін өскен. Бұл — ресми анықталған фактілер ғана. Сарапшылардың айтуынша, тіркелмеген жағдайлар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Заңсыз кесуден келетін залал көлемі де айтарлықтай артқан. Мәселен, 2021 жылы «қара орманшылардан» келген шығын шамамен 153 миллион теңгені құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 437 миллион теңгеге жеткен. Өз кезегінде Arnapress агенттігінің деректері бойынша, 2023 жылдың алғашқы он айында ғана республика бойынша 220 заңсыз кесу фактісі тіркеліп, мемлекет 429 миллион теңгеден айырылған. Орман қоры аумағынан заңсыз дайындалған ағаш көлемі алты мың текше метрге жуық болған. Тексеру кезінде 17 көлік пен 41 орман шаруашылығы техникасы тәркіленгені де белгілі.
Мұндай статистика Қазақстанда экологиялық құқықбұзушылықтардың сирек емес, жүйелі түрде кездесетінін айқын көрсетеді. Экология министрлігінің мәліметінше, тек 2023 жылы экологиялық заңнаманы бұзу бойынша 1679 жағдай анықталған, олардың ішінде табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану, қалдықтарды рұқсатсыз төгу, су және ауа ластау фактілері бар. Осы құқықбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 322,9 миллиард теңге айыппұл салынған. Бұл көрсеткіштер қоғамның табиғатқа деген көзқарасының әлі де жоғары деңгейде емес екенін білдіреді.
Заңсыз ағаш кесу неге алып келуі мүмкін

Заңсыз ағаш кесудің себебі әртүрлі: бір жерде тұрғын үй құрылысына жер босату үшін жасалады, бір жерде кәсіпкерлер ағашты отын немесе құрылыс материалы ретінде заңсыз сатуды көздейді. Кей жағдайларда санитарлық кесім деген желеумен сау ағаштар да жойылып кетеді. Кейбір қалаларда жаңа жолдар салу немесе инфрақұрылымды кеңейту мақсатында жасыл желектердің саны айтарлықтай азайған. Мұндай әрекеттердің барлығы экологиялық мәдениеттің қалыптаспағанын көрсетеді. Өйткені экологиялық мәдениеті жоғары қоғамда кез келген кесу әрекеті қоғамдық талқылаусыз жасалмайды, қысқа мерзімді пайда ұзақ мерзімді экологиялық зияннан жоғары қойылмайды.
Қазақстанда «2 млрд ағаш отырғызу» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанымен, сарапшылар орман алқаптарының табиғи қалпына келу қарқыны заңсыз кесу мен табиғи шығындарды толық өтей алмай отырғанын айттады. 2021–2024 жылдар аралығында шамамен 1,150 млрд көшет отырғызылғаны хабарланды. Алайда табиғатты қалпына келтіру тек ағаш отырғызумен шектелмейді, отырғызылған жас көшеттердің барлығы тамырлап, бой көтере алмайды. Сонымен бірге климаттық жағдайлар, күтім, суару, орман өрттері және жайылымдық қысым да олардың өсуіне әсер етеді.
Заңсыз кесудің ұлғаюына тек экономикалық пайда емес, сонымен бірге қоғамдағы экологиялық құндылықтардың әлсіздігі де әсер етеді. Көптеген тұрғындар ағаш кесу фактілерін байқаса да, құзырлы органдарға хабарласпайды, фото-видео материал жібермейді немесе петицияға қол қоймайды. Мұндай енжарлық табиғатқа немқұрайдылықтың көрінісі ғана емес, экологиялық мәдениеттің төмендігін көрсете отырып, заңсыз әрекеттерге жол ашып береді. Дамыған елдерде тұрғындар табиғатқа зиян келтіретін кез келген әрекетке дереу реакция білдіріп, мәселені қоғамдық деңгейде көтереді. Бізде бұл үрдіс жаңа ғана қалыптасып келеді.
Заңсыз кесудің салдары тек экологиялық емес, әлеуметтік сипатқа да ие. Олар көлік шудың деңгейін азайтады, құстар мен жануарларға мекен болады. Ағаштар жаппай кесілген аудандарда ауа құрғап, температура жоғарылайды, жазда желдету қиындайды, тұрғындар арасында аллергиялық және тыныс алу жолдары аурулары жиілейді. Мұның барлығы табиғаттың адам өміріндегі рөлін түсіну деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетеді.
«Орбитада сау ағаштарды кесіп тастады», деген рас па?

Жақында алматылық экоактивистер алма бағының жойылуына және мың ағаштың аяусыз бұзылуына наразы болды. Бостандық ауданының тұрғыны үйінің ауласында сау ағаштар кесілгені туралы шағымданған. Оқиға Орбита-2 № 68 мектеп-гимназиясының жанында болған. Мердігерлердің бірнеше екпелерді рұқсатсыз кесіп тастағаны анықталды, сонымен қатар олардың артынан қоқыс қалдырған.
Мен үйдің тұрғыны Ольга Михайловамен байланысқа шығып, мән жәйді сұрастырдым. Ол бұл ауданда ұзақ уақыт бойы тұрады, кейде өз ауласында гүл отырғызады. Оның ауласы әдемі және ұқыпты ағаштарға толы болды, бірақ қазір оның түрі мүлдем басқаша деп санайды.
«Жұмыстар бір ай бұрын басталды, бүкіл Орбитадағы ағаштарды шауып жатыр. Егер олар шынымен қураған, құрғақ ағаштар болса қарсы болмас едім, бірақ олай емес. Енді бәрін кесіп тастаған, бұл дұрыс па? Әкімдік 20 жылда Орбитаға бірде-бір ағаш еккен жоқ. Негізі санитарлық кесу жүргізілуі керек қой, ал олар шын мәнінде не істеп жатыр?», дейді Михайлова.
Ольганың айтуынша, мердігерлер ағашты өз пайдасына пайдалануы мүмкін. Мердігерлердің атауы — ЖШС «Сеним групп». Біз жұмысшылар бригадасын үзіліс кезінде ұстап алып, олар өздеріне не тапсырылса, соны ғана орындайтындарын айтты.
«Бізге қандай нұсқау берілсе, соны орындаймыз. Қалғанына біз жауап бермейміз», деді олар.
Ал ауладағы құрғаған бұтақтар мен сынған діңдердің қалдықтары әлі күнге дейін жатыр, деп тұрғындар хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, олар бір аптаның үстінде алынбай тұр. «Енді мұны кім жинайтынын білмеймін, арттарынан қаншама қоқыс қалдырып кетті. Сенбі күні келген, ірі-ірілерін ғана жинап кетті, онда неге соңына дейін жинамады? Бүгін келе жатып, бұтақтарға сүрініп құлап түстім. Мұны бірдеңемен сыпырып алу керек қой, бізде тіпті тырма да жоқ», дейді жергілікті тұрғын Наталья.
Тұрғындардың экологиялық мәдениеті бұл мәселеде шешуші рөл атқарады. Дамыған елдерде бір ағаштың кесілмеуі үшін ондаған адам шағымданады, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, халық өзі жасыл аймақты қорғайды. Ал Қазақстанда көп жағдайда тұрғындар бейқамдық танытады: заңсыз кесудің куәсі болса да, бейнежазба түсірмейді, шағым жазбайды, қоғамдық талқылауға қатыспайды. Бұл — экологиялық мәдениеттің әлсіздігін көрсететін маңызды белгі. Қоғамның белсенділігі артпайынша, заңсыз кесуге тосқауыл қою да оңай болмайды.
Жасыл аймақтарды қорғаудағы жаңа қозғалыстар мен қоғамдық белсенділік

Дегенмен, соңғы жылдары экобелсенділердің саны артып, әлеуметтік желілерде жасыл аймақтарды қорғауға арналған қозғалыстар пайда бола бастады. Тұрғындар ағаш кесу фактілерін жариялап, петиция ұйымдастыруды үйренді. Бұл — экологиялық мәдениеттің біртіндеп қалыптаса бастағанының оң белгісі. Бірақ жағдайды түбегейлі өзгерту үшін бұл белсенділікті жүйелі деңгейге көтеру қажет. Мектептерде экологиялық білімді күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамды ашық ақпаратпен қамтамасыз ету, заңсыз әрекеттер үшін жазаны қатаңдату — экосананы арттырудың негізгі тетіктері.
Заңсыз ағаш кесудің жыл сайын артып отыруы, мемлекеттік айыппұлдардың миллиардтаған теңгемен есептелуі, жасыл аймақтардың біртіндеп азаюы — мұның барлығы Қазақстанға экологиялық мәдениетті түбегейлі жақсарту қажет екенін көрсетеді. Табиғат — біздің ортақ үйіміз, ал оның тағдыры тек мемлекеттік органдарға емес, әр азаматтың күнделікті таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты. Экологиялық мәдениеті жоғары қоғам ғана қаланың «өкпесі» болып саналатын ағаштарды сақтап, болашақ ұрпаққа қолайлы орта қалдыра алады.
Қаланың жасыл қорын сақтау үшін жергілікті билік пен тұрғындардың өзара әрекеттестігі де маңызды. Қазіргі кезде кейбір қалаларда «ағаштар паспорты», «цифрлық жасыл карта», «ағаштарды кесу туралы ашық есеп» сияқты жобалар енгізіліп жатыр. Егер бұл бастамалар шын мәнінде тиімді іске асса, тұрғындар әрбір ағаштың тағдырын онлайн бақылап, заңсыз әрекеттерді жедел хабарлай алады. Бұл — экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған заманауи құралдардың бірі. Бірақ ең бастысы — осы механизмдерді қағаз жүзінде қалдырмай, нақты нәтижеге бағыттау.
Сонымен бірге, мемлекет тарапынан жасалған шаралар қоғам қолдауынсыз жеткіліксіз. Ағаш отырғызу — тек акция емес, ұзақ мерзімді міндет. Тұрғындар өздері еккен ағашқа жауапкершілікпен қарап, оның күтіміне атсалысқанда ғана жасыл желек тұрақты түрде сақталады. Бұл бағытта еріктілер қозғалысы, мектеп оқушыларына арнап жасыл аймақтарда тәжірибелік сабақтар өткізу, «бір отбасы — бір ағаш» сияқты бастамалар да экологиялық мәдениетті нығайтуға ықпал ете алады.
Заңсыз ағаш кесудің жыл сайын артып отыруы, мемлекеттік айыппұлдардың миллиардтаған теңгемен есептелуі, жасыл аймақтардың біртіндеп азаюы — мұның барлығы Қазақстанға экологиялық мәдениетті түбегейлі жақсарту қажет екенін көрсетеді. Табиғат -біздің ортақ үйіміз, ал оның тағдыры тек мемлекеттік органдарға емес, әр азаматтың күнделікті таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты. Экологиялық мәдениеті жоғары қоғам ғана қаланың «өкпесі» болып саналатын ағаштарды сақтап, болашақ ұрпаққа қолайлы орта қалдыра алады.
Автор; Жүнісбек Сания
