Жетісу облысында оқушы қызға шабуыл жасаған жігіт ұсталды, деп хабарлайды QazTimes агенттігінің тілшісі.
Оқиға кеше, 17-қаңтар күні күндізгі уақытта Талдықорған қаласында болған. Полицияға оқушының анасы шағымданған. Арызданушының сөзінше, оның 2013 жылы туған қызы қосымша сабаққа қатысу үшін түскі уақытта Оқушылар сарайына бара жатқан. Қыздың соңынан қалмаған белгісіз жігіт 4 сыныптың оқушысы «Күншуақ» балабақшасының маңына жақындағанда шабуыл жасаған. Оқушының бетін жауып, ағаш арасына қарай сүйреп, «айғайласаң өлтірем» деп қорқытқан. Шабуылдаушыдан құтылып шыққан №14 мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысы жақын маңдағы компьютер кулбын паналаған.
«Бұл дерек қалалық полиция басқармасында ресми түрде тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке құрам жұмылдырылып, шағын ауданның периметрі қоршалды. Полицейлер қылмыстың «ізін суытпай» 19 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті қамауға алынды», -деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшысының бақылауына алынды.
«Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — делінген хабарламада.