Үндістан Әскери-әуе күштерінің әуедегі мүмкіндігін тамашалауға арналған авиашоу жоғары температура мен адамдардың көп жиналуына байланысты қайғылы аяқталды. Жергілікті билік адамдардың көптеп ауруханаға түсуі мен өліміне негізгі себепті судың жоқтығымен байланыстырып отыр. Бұл туралы ANI агенттігі жазды.
Жексенбіде Тамил Наду штатының Ченнаи қаласындағы Марина-Бич жағажайында Үндістан әуе күштерінің 92 жылдығына арналған әуе шоуын тамашалауға шамамен 15 мың адам жиналды. Авиашоу сағат 11.00-де басталып, 13.00-ге дейін жалғасқан.
Полицейлердің айтуынша, адамдардың тұншығып, есін жоғалтуына шоуды тамашалауға келген халықтың көптігі және ұйымдастыру жұмыстарының төмен болуы бірден-бір себеп болған.
– Қатты ыстықтан, адамның көптігінен ауа жетпей әлсіреген 10 адам есінен танып қалған. Оларға мемлекеттік мекемеде көмек көрсетілді, — деді полиция өкілі.

Жалпы саны аталған іс-шара кезінде 230 адам есінен танып қалған. Сондай-ақ 5 көрермен көз жұмып, 100-ге жуық адам ауруханаға жеткізілгені белгілі болды.
Айта кетейік, бұл –Үндістан әуе күштерінің Делиден тыс жерде үшінші рет, Оңтүстік Үндістанда бірінші рет әуе шоуын өткізуі. 2023 жылдың қазан айында Әскери-әуе күштері Прайагражда және 2022 жылы Чандигархта әуе шоуын өткізген еді.