SteppeNews.kz: Жер күніне орай Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекет басшылары қатысқан Аймақтық экологиялық саммит өтуде, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Делегация басшылары мен саммитке қатысушыларды қарсы алған Президент бұл диалог алаңының маңызына тоқталып, экологиялық және халықаралық деңгейдегі негізгі сын-қатерлерді атап өтті.
Экологияның маңызы туралы:
«Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің өзегі. Мұнда таза ауа мен қауіпсіз су, құнарлы топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесі, қоғам тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың игілігі жатыр. Сондай-ақ бұл сананың сергектігіне, қоғамдық келісім мен адам бақытына тікелей әсер етеді. Кеңінен алғанда, экология – ортақ планетамызға деген жауапты көзқарасқа негізделген өмір салты».

БҰҰ Жарғысын іріктеп орындауға жол бермеу туралы:
«БҰҰ Жарғысы талғамға қарай таңдап алатын мәзір емес. Керісінше, оны тұтас әрі жан-жақты құжат ретінде қабылдап, барлық қағидасын толық мойындау қажет. Халықаралық қарулы қақтығыстар кезінде Жарғы принциптерін таңдамалы түрде қолданудан аулақ болуымыз керек».
Әділ жасыл көш туралы:
«Экологиялық модельдерге жаһандық көшу процесі әділ, теңгерімді әрі ынталандырушы сипатта өтуі тиіс. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бізді іріктемей, керісінше біріктіретін құралға айналуы қажет. Ол жария түрде айыптаусыз, өкпе-ренішсіз және кінәлаусыз, тек серіктестікке, сенімге және ортақ жауапкершілікке негізделеді. Табиғат геополитикасыз өмір сүре алады, бірақ геополитика табиғатсыз тіршілік ете алмайды».

Арал теңізі туралы:
«Арал теңізі – ойланбай жасалған саясаттың зардабын, сонымен бірге батыл әрі ғылыми негізделген іс-қимылдардың нәтижесін еске салып тұрған қатаң сабақ. Бүгінде Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығын қалпына келтірдік. Соның арқасында судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, халықтың тұрмыс деңгейі артты».
Каспий теңізі тура
«Каспий аймағында кез келген қарулы күштерді қолдануға тыйым салынуы және мұндай әрекеттер толық тоқтатылуы тиіс».
Халықаралық су ұйымы туралы:
«Өткен жылдың желтоқсанында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Осы саммит аясында аталған бастама бойынша халықаралық кеңестердің алғашқы кезеңі өтетінін ризашылықпен атап өткім келеді».
«Қазақстанда қар барысының саны екі еседен астам артып, 190-ға жетті. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан астам жерге 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Оның ішінде шөлейттенуді бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірлесіп Аралдың құрғаған табанына сексеуіл отырғызу жұмыстары жүріп жатыр».

«Таза Қазақстан» қозғалысы туралы:
«Таза Қазақстан” қозғалысы миллионға жуық еріктінің басын қосты. Оларды еліміздің нағыз патриоттары деп санаймын. Жастардың бұл қадамы мемлекет болашағына деген жанашырлығын көрсетеді».
«Қазақстан БҰҰ-ның 2026 жылды Тұрақты даму жолындағы халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау туралы шешімін толық қолдайды».

