Отандық FlyArystan авиакомпаниясы «Астана — Құлжа (Инин)» бағыты бойынша алғашқы рейсін орындап, Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы ең ірі шетелдік авиатасымалдаушы мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Пекиндегі меншікті тілшісі хабарлайды, деп жазады SteppeNews.kz.
Астана халықаралық әуежайынан таңғы сағат 07:55-те ұшып шыққан Airbus A320 әуе кемесі (FS 7989 рейсі) 2 сағат 25 минутта межелі жерге жетті. Авиациялық дәстүрге сай, Құлжа әуежайында отандық бортты су аркасымен салтанатты түрде қарсы алды.

Тұрақты тікелей рейстер аптасына үш рет — дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады. Астанадан ұшу сағат 07:55-ке, ал Құлжаға қону Бейжің уақытымен 13:20-ға жоспарланған. Қайту рейсі Құлжадан Бейжің уақытымен 15:20-да ұшып, Астанаға жергілікті уақытпен 14:50-де қонады.
«Бүгін отандық авиакомпания Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы ең ірі шетелдік тасымалдаушыға айналды, біз мұны мақтан тұтамыз. Бұл өңірге тікелей рейстерге деген сұраныс күн санап артып келеді. Бағытты іскер азаматтар, сауда компаниялары және Шыңжаңды алғаш рет ашып жатқан саяхатшылар жиі таңдайды. Бір кездері Ұлы Жібек жолының тоғысында орналасқан бұл аймақ бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтың қайта жанданған орталығына айналды. Біз серіктестікті одан әрі дамытып, жаңа бағыттар ашуды көздейміз», — деді «FlyArystan» АҚ президенті Йохан Эйдхаген.

Анықтама үшін: Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасының дамуы
Құлжа қаласы — Алматыдан іске қосылған рейстерден кейін, отандық лоукостердің Астанадан Шыңжаң өңіріне бағытталған екінші тікелей әуе бағдары. Бұл рейс Астананы Қазақстанмен тығыз тарихи әрі мәдени байланысы бар өңірмен жақындата түседі.
Қазіргі уақытта авиакомпанияның Қытайдағы бағыттар картасы келесідей кеңейген:
-
Шыңжаң өңірі бойынша: Астана, Алматы және Ақтау қалаларын Үрімжі мен Құлжа шаһарларымен байланыстыратын 4 тікелей бағдар бар.
-
Қытайдың ішкі мегаполистері бойынша: Авиакомпания Сиань және Чунцин сияқты ірі өнеркәсіптік әрі сауда орталықтарына тұрақты рейстерді орындайды.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бүгінгі таңда екі ел арасындағы транзиттік-логистикалық және экономикалық хабқа айналып отыр. Әуе қатынасының жиілеуі іскерлік сапарларды жандандыруға, өңірлік туризмді дамытуға және халықтар арасындағы туыстық қатыныстарды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды
