SteppeNews.kz: Иранмен арадағы геосаяси шиеленістің ушығуы аясында Біріккен Араб Әмірліктері мұнай саудасында доллардан юаньға ішінара көшу мүмкіндігін қарастыруда.
Бұл әлемдік нарық үшін қандай сигнал? Доллардан біржола бас тарту ма, әлде тәуекелдерді азайту әрекеті ме? Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов жағдайды былай түсіндіреді:
«Бұл доллардан бас тарту емес, геосаяси сын-қатерлерге берілген прагматикалық жауап. Әлем біртіндеп бір валютаның үстемдігінен алыстап, анағұрлым әртараптандырылған есеп айырысу жүйесіне бет бұрып жатыр».
Сарапшының айтуынша, Парсы шығанағы елдерінің логикасы географиялық факторларға негізделген: күн сайын Ормуз бұғазы арқылы шамамен 21 млн баррель мұнай өтеді — бұл жаһандық тұтынудың бестен бір бөлігі. Бұл — әлемдік экономиканың басты күретамыры.
Алайда аймақтың тағы бір осал тұсы бар, ол — қаржылық тәуелділік. Қытайға мұнай жеткізілгенде есеп айырысу әлі де доллармен жүргізіледі. Бұл қос тәуелділікті қалыптастырады: логистикалық және валюталық.
«Шығанақ елдері әлемдік мұнай өндірісінің 31%-ын қамтамасыз етіп отыр, ал олардың Қытаймен тауар айналымы 300 млрд долларға жетті. Мұндай ауқымда долларды аралық валюта ретінде пайдалану артық шығындар туғызады», – дейді Шурманов.
Қазіргі жүйеде қисынсыз кезеңдер бар: мұнай долларға сатылады, кейін ол Қытай тауарларын сатып алу үшін юаньға айырбасталады. Сауда көлемі артқан сайын бұл процесс жүйелік жүктемеге айналады, сондықтан елдер одан арылуға тырысуда.
Сарапшының пікірінше, есеп айырысудың бір бөлігін юань мен еуроға ауыстыру — жүйенің күйреуі емес, оның эволюциялық трансформациясы. Қытаймен саудада юаньды, ал Еуропамен есеп айырысуда еуроны қолдану — қисынды таңдау.
Сонымен қатар, доллардың позициясы әлі де берік: ол әлемдік резервтердің 58%-ын құрайды, ал валюталық операциялардың 88%-ы оның қатысуымен өтеді. Бұл АҚШ қаржы нарығының тереңдігімен және қалыптасқан институционалдық сеніммен қамтамасыз етілген.
«Негізгі тренд — доллардың әлсіреуі емес, балама валюталардың күшеюі. АҚШ-тың жоғары мемлекеттік қарызы және қаржы жүйесін сыртқы саяси құрал ретінде пайдалануы өзге елдерді тәуекелдерді әртараптандыруға итермелейді.
Бүгінде БАӘ-де болып жатқан өзгерістер — бұл стратегиялық автономия моделіне көшудің көрінісі. Жаһандық қаржы жүйесі күрделеніп, орталықсыздана түсуде. Бұл жүйенің тұрақтылығын арттырғанымен, нарық қатысушылары үшін белгісіздік факторларын да көбейтеді», – деп қорытындылады Бауржан Шурманов.

