SteppeNews.kz: Financial Times басылымының мәліметінше, АҚШ президентінің ұлдары — кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнына қатысы бар компаниядан үлес алды.
АҚШ президентінің ұлдары Қарағанды облысындағы кен орындарын игеру бойынша құрылған металлургиялық холдингке кірген компаниядағы үлесті былтыр тамызда алған. Әңгіме Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпардағы ірі жоба туралы болып отыр. Бұл кен орындары вольфрам қоры бойынша әлемдегі ең ірі жер саналады және онда шамамен 410 мың тонна қор бар. Осы аптада Трамптың ұлдары үлес алған компания және тағы екі компания Kaz Resources брендіне бірікті. Бұл бренд алдағы уақытта Nasdaq биржасына акция шығаруы мүмкін.

Былтыр қарашада америкалық Cove Kaz Capital Group LLC және қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы осы кен орындарын қазу бойынша келісімге келген. Қазір америкалық инвестор біріккен кәсіпорынның 70 пайыз үлесіне ие болып, барлық шығынды өз мойнына алмақ.

Жалпы жоба құны 1,6 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Cove Kaz Capital компаниясы Export-Import Bank of the United States және US International Development Finance Corporation банктерімен жобаны қолдау үшін аталған соманы алу бойынша алдын ала келісімге келді. Бұл жобаға Қытай мен Ресей компаниялары да қызыққан болатын.
