Гонконгта өткен семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи жеңіске жеткен Қазақстанның ерлер құрамасы елге оралды. Ұлттық құраманы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі атынан Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин қарсы алды деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ол спортшылар мен жаттықтырушыларды тарихи жетістікпен құттықтап, бұл жеңіс семсерлесуді жүйелі дамытуға бағытталған жұмыстың, спортшылардың қажырлы еңбегі мен бапкерлердің жоғары кәсібилігінің, сондай-ақ мемлекет пен ұлттық федерацияның тиімді ынтымақтастығының нәтижесі екенін атап өтті.
Әлем чемпионатында Ерлік Сертай, Руслан Курбанов және Вадим Шарлаимов бастаған Қазақстан құрамасы Финляндияны (45:39), Өзбекстанды (28:27), Данияны (45:36) және Мысырды (41:32) жеңіп, финалда Украина құрамасын 45:40 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, қазақстандық семсерлесушілер ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Бұл жетістік – отандық семсерлесу мектебінің тұрақты дамуының нәтижесі. Соңғы жылдары қазақстандық шпагашылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Олар 2023 жылы Ыстанбұлда өткен Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетсе, 2025 жылы Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанды. Биыл Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында да алтын медаль иеленді. Сонымен қатар өткен жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасын жеңіп, қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте Швейцария мен Франциядан кейін үшінші орынға көтерілді.
Құраманың жетістігіне жаттықтырушылар штабының күшеюі де оң әсерін тигізді. Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан семсерлесу федерациясы әлемдік деңгейдегі бапкер, украиналық Александр Горбачукті шақырды. Ол бұған дейін Жапония құрамасымен жұмыс істеп, Олимпиада чемпиондарын даярлауға елеулі үлес қосқан.
Министрлік бұл тарихи жеңіс олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі екенін атап өтіп, ұлттық құраманы, жаттықтырушылар штабын, Қазақстан семсерлесу федерациясын және барша қазақстандықтарды тарихи табыспен құттықтады.
