Қазақстанда шілде айындағы жылдық инфляция 10,2%-ды құрады (маусым айында – 10,3%). Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 10,1%-ға (маусымда – 10,4%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,7%-ға (маусымда – 11,7%), ақылы қызметтер – 9,2%-ға (маусымда – 9%) өсті.
Жылдық инфляция деңгейіне ең көп үлес қосқан санаттар – азық-түлік және алкогольсіз сусындар (4 пайыздық тармақ), киім және аяқ киім, жеке күтім, әлеуметтік қорғау, сондай-ақ өзге де тауарлар мен қызметтер (1 пайыздық тармақ).
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде жарма 4,9%-ға, нан және нан өнімдері 9,6%-ға, ет пен құс еті 15,8%-ға, шұжық және ет өнімдері 15,9%-ға, ауыз сүті 10,2%-ға, ірімшік пен сүзбе 11,1%-ға, ашытылған сүт өнімдері 13,3%-ға, жұмыртқа 14,2%-ға, майлар мен тоңмайлар 10,6%-ға, қант 6,9%-ға, алкогольсіз сусындар 13,6%-ға қымбаттады.
Ал азық-түлік тауарларының ішінде тек жемістер, жидектер мен жаңғақтардың бағасы 0,8%-ға, сондай-ақ көкөністердің бағасы 10,2%-ға төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында киім 10,7%-ға, аяқ киім 11,1%-ға, жуғыш заттар 11,1%-ға, бензин 15,3%-ға, жеке пайдалануға арналған тауарлар 13,1%-ға қымбаттады.
Тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның өзге де түрлері 5,7%-ға өсті. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға алу ақысы 14,6%-ға, ыстық су 4,1%-ға, қоқыс шығару қызметі 0,7%-ға, су бұру қызметі 3,3%-ға, электр энергиясы 7,8%-ға, тарату желілері арқылы жеткізілетін газ 14,9%-ға, сұйытылған газ 16%-ға, орталықтандырылған жылыту 0,1%-ға, қатты отын 7,3%-ға, лифт қызметі 6,5%-ға, домофон қызметі 6,2%-ға қымбаттады.
Ал суық судың бағасы бір жыл ішінде 40,8%-ға төмендеді.
Бір айдағы инфляция деңгейі 0,6%-ды құрады (алдыңғы айда – 0,8%). Бір ай ішінде ақылы қызметтер мен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,7%-ға, ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,4%-ға өсті.
Дереккөз: Vlast.kz
