Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі мен тағы екі мемлекеттік ведомствоның бірлескен хабарламасына сәйкес, Қытай алғаш рет 2026 жылға арналған негізгі салалардағы энергия және көміртек тиімділігі жоғары көшбасшы кәсіпорындарды іріктеу басталды деп хабарлайды SteppeNews.kz, Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама өнеркәсіп кәсіпорындарында энергияны үнемдеу мен көміртек шығарындыларын азайту шараларын кеңінен енгізуге, сондай-ақ негізгі өндіріс салаларын «жасыл» әрі төмен көміртекті экономикаға көшіруге бағытталған.
Хабарламаға сәйкес, үміткерлердің алғашқы тізіміне бес саладағы кәсіпорындар енгізілді. Олар: алюминийді электролиздеу, цемент клинкерін өндіру, аммиак синтезі, этилен және метанол өндірісі. Бұл кәсіпорындар көміртек тиімділігі бойынша көшбасшылар ретінде танылған.
Бұған дейін Қытайда энергия тиімділігі жоғары көшбасшы кәсіпорындар бағдарламасы іске қосылған болатын. Оның аясында сегіз кезең бойынша жалпы саны 224 кәсіпорыннан тұратын тізім жарияланды. Бағдарлама негізгі өндіріс салаларының 35 бағытын қамтыса, кейін өнеркәсіптік күкірт қышқылы мен мұзды сірке қышқылын өндіру сияқты жаңа бағыттардың қосылуына байланысты қамту аясы 43 қосалқы секторға дейін кеңейтілді.
Энергия және көміртек тиімділігі бойынша көшбасшы мәртебесін алу үшін кәсіпорындар «жасыл» электр энергиясын тұтынудың белгіленген деңгейіне қол жеткізуі тиіс. Сонымен қатар мемлекет тыйым салған немесе пайдаланудан шығарылатын ескірген технологияларды, жабдықтарды және өнімдерді қолданбауы қажет.
Қытайдың Электрондық технологияларды стандарттау институты басшысының орынбасары Чэнь Дацзидің айтуынша, негізгі салалардағы энергия және көміртек тиімділігі жоғары кәсіпорындарды іріктеу – энергияны үнемдеу мен көміртек шығарындыларын қысқарту шараларын кешенді түрде енгізуге ықпал ететін маңызды қадам.
