Алматыда Орталық Азия импорт-экспорт көрмесі мен Цзянсу провинциясының импорт-экспорт тауарлары көрмесі өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған шараға Қытайдың 100-ден астам кәсіпорны қатысып, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, жаңа энергетика және басқа да салалардағы өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қытай бизнесі Орталық Азия нарығына бет бұруда
Көрме 20-22 тамыз аралығында өтеді. Көрме шамамен 6 мың шаршы метр аумақта ұйымдастырылды. Шараны «Орталық Азия – Қытай» еркін сауда ынтымақтастығы платформасы, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі, Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және «Цзянсу Сохо Холдингс Групп» бірлесіп өткізді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов халықаралық ынтымақтастықтың нақты жобалар мен жаңа өндірістерге ұласуы маңызды екенін атап өтті.
Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю көрме Цзянсудың және жалпы Қытайдың «ақылды өндірісін» таныстырып қана қоймай, қытайлық өнімдерді Орталық Азия нарығына шығаруға мүмкіндік беретінін айтты.
Тоқыма өндірісінен роботтандырылған құралдарға дейін
Көрме алаңында күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарлардан бастап, ірі өндірістерге арналған жабдықтарға дейінгі өнімдер ұсынылды.

Солардың бірі — Цзянсу провинциясының Наньтун қаласында орналасқан «Цзянсу Ичжэнь Текстайл Технолоджи» компаниясы. Кәсіпорын тоқыма бұйымдарын өндіреді және автоматтандырылған өндіріс технологияларын қолданады.
«Өндірістік алаңымыз шамамен 30 мың шаршы метрді құрайды, компанияда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Біз автоматтандырылған өндіріс жүйелері мен робот-манипуляторларды пайдаланып, өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттырып келеміз» — дейді компания өкілі.
Компания өнімдерін Қытайдан бөлек Еуропа, АҚШ, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс нарықтарына шығарады.
«Қазіргі таңда өнімдеріміз Еуропа, АҚШ, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс нарықтарына экспортталады. Біздің басты артықшылығымыз — шағын тапсырыстарды да жылдам орындауға мүмкіндік беретін икемді жеткізу тізбегі» — дейді ол.
Көрмеде электр құралдары да кеңінен таныстырылды. Солардың қатарында Цидун ауданында орналасқан «Цидун Синьцидянь Электрик Тулс» компаниясының өнімдері бар.

Компания 2018 жылы құрылған және 18 мың шаршы метрден астам өндірістік алаңды алып жатыр. Негізгі бағыты — аккумуляторлық электр құралдарын, соның ішінде гайковерттер, бұрауыштар және құрылыс жабдықтарын өндіру.
Компания өкілінің айтуынша, өндірістік базаның теңіз жағалауындағы орналасуы логистикалық тұрғыдан тиімді. Кәсіпорын өнімдерін халықаралық нарықтарға экспорттауға бағытталған.
Өнеркәсіппен қатар тұрмыстық тауарлар да ұсынылды

Көрме тек өндірістік жабдықтармен шектелмеді. Қытайдың тұрмыстық өнімдері мен күнделікті қолданыстағы тауарлары да келушілердің назарына ұсынылды.

Чжэнчжоу қаласының Мемлекеттік мүлікті бақылау және басқару комиссиясына қарасты «Чжэнчжоу Готоу» корпорациясының өкілі Дана Байдаулеттің айтуынша, компания Қазақстан нарығына әртүрлі өнім түрлерін ұсынып отыр:
«Біздің корпорация Қазақстан нарығына өте ауқымды өнім түрлерімен келіп отыр. Мұнда фарфор ыдыстар, сапалы термостар сияқты күнделікті тұрмыстық тауарлардан бастап, электрлік трансформаторларға дейінгі өнеркәсіптік жабдықтардың түрі бар. Ыдыс-аяқтың шағын көлемдерінен бастап, ірі өнеркәсіптік форматтағы жабдықтарға дейін ұсынып отырмыз», — деді компания өкілі.
Осылайша, бір көрме алаңында шағын тұрмыстық бұйымдар мен өндірістік жабдықтар қатар көрсетілді. Бұл Қытай компанияларының Орталық Азия нарығына ұсынатын өнімдерінің ауқымы кең екенін аңғартады.
Цзюйронг: Нанкин мен Шанхайға жақын өндірістік орталық
Көрмеде Цзянсу провинциясының Цзюйронг қаласының инвестициялық және өндірістік мүмкіндіктері де таныстырылды.

«Цзюйронг Шанхай және Нанкинмен тығыз экономикалық байланыста. Біз жаңа материалдар, жоғары деңгейлі жабдықтар, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллектке негізделген өндірістерді дамытуға басымдық беріп отырмыз» — деп атап өтті Цзюйронг қаласының тұрғыны.
Цзюйронг Нанкин қалалар агломерациясына кіреді. Қалада Нанкиннің орталығына тікелей қатынайтын S6 метро желісі бар. Сонымен бірге оның айналасында 200-ден астам жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институты орналасқан. Бұл өңірдің өндіріс пен технология үшін кадрлық әлеуетін арттырады.
Қаланың ерекшелігі тек экономикасымен шектелмейді. Цзюйронг — Шығыс Цзинь дәуірінің ғалымы, дәрігері және алхимигі Гэ Хунның туған жері. Баяндамашының айтуынша, Нобель сыйлығының лауреаты Ту Юю артемизининді зерттеу кезінде оның еңбектерінен шабыт алған. Қалада Гэ Хунның мемориалды мұражайы да бар.
Көрмеде Қытайдың дәстүрлі өнері де ұсынылды
Заманауи өндіріс пен технологиялармен қатар, көрме қытай мәдениетін таныстыратын алаңға да айналды.
Экспозициядан қолдан тоқылған жібек кестелер, ұлттық өрнектері бар сәндік бұйымдар, тұмарлар, аспалы әшекейлер мен сувенирлерді көруге болады. Бұл экспонаттар Қытайдың дәстүрлі қолөнерін қазақстандық көрерменге таныстырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың да сауда қатынастарымен қатар дамып келе жатқанын көрсетті.

Үш күнге созылатын көрме осылайша бір алаңда өндіріс, технология, сауда және мәдениетті тоғыстырды. Оның негізгі мақсаты — Қытай компаниялары мен Орталық Азия кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, жаңа сауда және инвестициялық жобаларға жол ашу.
Айгерім Бейбітқызы
