Қырғызстанның алғашқы ұлттық спутнигі орбитаға шығарылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1 қазанда АҚШ-қа жұмыс сапары аясында елдің алғашқы ұлттық спутнигін ұшыру рәсіміне қатысты.
Ғарыш аппараты Калифорния штатындағы Ванденберг әскери-әуе базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышы арқылы орбитаға жіберілді. Спутник бір зымыранмен ұшырылған бірнеше ғарыш аппаратының құрамында орбитаға шығарылды.
Жоба Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асқан. Спутникті басқару Бішкекте орналасқан арнайы Орталықтан жүргізіледі.

Жаңа ғарыш аппараты арқылы алынатын деректерді елдегі ауыл шаруашылығы алқаптарын, мұздықтарды, су нысандарын, ормандар мен жайылымдарды бақылау үшін пайдалану жоспарланып отыр. Сондай-ақ спутниктік ақпарат табиғи экожүйелердегі өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.
Спутниктен алынған мәліметтер пайдалы қазбаларды заңсыз игеру, рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен басқа да ластану көздерін анықтауға қолданылмақ. Сонымен қатар бұл деректер логистикалық бағыттарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Спутниктік технологиялар табиғи қауіптерді ерте анықтауда да маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ғарыштан алынатын ақпарат арқылы құрғақшылық, су тасқыны, көшкін, сел және орман өрттерінің белгілерін жедел бақылау көзделіп отыр. Бұл табиғи апаттарға уақытылы әрекет етуге және ықтимал залалды азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта спутниктен алынатын ақпаратты мемлекеттік цифрлық жүйелермен біріктіру жоспарланған. Оның негізінде кеңістіктік карталар мен аналитикалық модельдер әзірленіп, мемлекеттік шешімдер қабылдау, инвестициялық жоспарлау және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылау кезінде пайдаланылмақ.
Спутниктік деректерді суперкомпьютерлік технологиялармен ұштастыру Қырғызстанның экономикалық және табиғи ресурстарын басқару үдерістерінде нақты деректерді тиімді пайдалануға негіз болады.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанның «Samarkand-2028» жер серігі орбитаға сәтті шығарылды
Келесі материал: Қытайлық дәрігерлер Қырғызстанда 2 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетті
