Бір ай бұрын ғана іске қосылған Өзбекстандағы суперкомпьютердің жүктемесі 90 пайызға жетті. Бұл елде жасанды интеллектке деген сұраныстың қаншалықты жылдам өсіп жатқанын көрсетті. Енді Ташкент қолданыстағы есептеу кластерін кеңейтуге тағы $70 млн бағыттауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстан үшін жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес. Ел оны экономикаға, мемлекеттік басқаруға, медицинаға, көлікке және басқа да салаларға енгізудің нақты құралы ретінде қарастырып отыр. Ал 2030 жылға дейінгі мақсат одан да ауқымды. ЖИ дайындығы бойынша әлемдегі үздік 50 мемлекеттің қатарына кіру.
Суперкомпьютер іске қосылды, бірақ сұраныс одан да жоғары болып шықты
2026 жылғы шілдеде «Цифрлық үкімет» дата-орталығында америкалық NVIDIA компаниясының технологиялары негізіндегі суперкомпьютер іске қосылды. Есептеу қуаты бойынша ол әлемдік рейтингте 321-орынға ие болды. Бірақ назар аударарлық көрсеткіш басқа жерде.
Жаңа кластер небәрі бір айдың ішінде 90 пайыз жүктемеге жеткен. Яғни Өзбекстанда жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге, деректерді өңдеуге және жоғары есептеу қуатын қажет ететін жобаларға сұраныс бар.
Қазір елдегі заманауи есептеу инфрақұрылымының құны $24 млн деп бағаланып отыр. Енді оны кеңейту үшін тағы $70 млн инвестициялау ұсынылды. Сонымен бірге Қарақалпақстанда шетелдік инвесторлармен бірлесіп жаңа дата-орталықтар салу жоспарланып отыр. Бұл жерде мәселе тек бір суперкомпьютерде емес. Өзбекстан жасанды интеллект үшін қажетті есептеу инфрақұрылымын тұтас жүйе ретінде қалыптастыруға тырысып жатыр.

Неге Өзбекстан ЖИ-ға сонша көңіл бөліп отыр?
Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы Өзбекстанда бүгін ғана пайда болған жоқ. 2024 жылы ел президенті ЖИ технологияларын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясын бекітті. Құжатта 2030 жылға дейін AI негізіндегі бағдарламалық өнімдер мен қызметтердің көлемін $1,5 млрд-қа жеткізу және Өзбекстанды Government AI Readiness Index бойынша әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енгізу мақсаты қойылған.
Стратегия тек технологиялық компанияларды қолдаумен шектелмейді. Онда деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту, ЖИ бойынша ғылыми зертханаларды көбейту, кадр даярлау және экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллект енгізу міндеттері қарастырылған.
Басқаша айтқанда, Ташкент ЖИ-ды жеке IT-сектордың мәселесі ретінде емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырып отыр.
ЖИ медицинадан кеденге дейін қолданылмақ
Президент Шавкат Мирзиёевтің 7 тамыздағы презентациясында биыл экономика мен әлеуметтік саладағы ЖИ жобаларының санын 100-ден асыру міндеті қойылды.
Жаңа шешімдер денсаулық сақтау, энергетика, көлік, кеден, заң қызметтері, қоғамдық қауіпсіздік, экология және геология салаларында әзірленіп жатыр.
Мысалы, ЖИ медицинада ауруларды ерте анықтауға көмектессе, энергетикада ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Кеден саласында күмәнді операцияларды анықтау және тәуекелдерді болжау үшін қолданылуы мүмкін.
Бұл бағыттар 2024 жылы қабылданған ұлттық стратегияда да басым салалар ретінде көрсетілген. Құжатта банк және қаржы жүйесі, салық және кеден, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен энергетикада AI қолдану жоспарланған.
Бірақ суперкомпьютердің өзі жеткіліксіз
Жасанды интеллект үшін қуатты компьютер қажет. Бірақ одан да маңызды ресурс бар — сапалы дерек.
Өзбекстан билігі осы мәселені де жеке бағыт ретінде қарастырып отыр. Министрліктер пен құзырлы органлар қолындағы ақпаратты түгендеу, деректердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету және оларды өзара интеграциялау тапсырылды.
Себебі жасанды интеллект қандай қуатты компьютерде жұмыс істесе де, сапасыз немесе толық емес деректермен жұмыс істеген жағдайда оның нәтижесі де шектеулі болады.
Сондықтан Өзбекстанның қазіргі жоспарын үш негізгі тірекке бөлуге болады: есептеу қуаты, сапалы дерек және маман.

1,5 млн адам ЖИ бойынша сертификат алды
Үшінші бағыт — адам капиталы.
Бүгінде Өзбекстанда 1,5 млн-нан астам адам жасанды интеллект бойынша арнайы сертификат алған. Сонымен қатар 900 басшы, 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші, 1 мың банк қызметкері және 200 кеңесші арнайы курстардан өткен.
Алдағы екі жылда «ЖИ-дің бес миллион көшбасшысы» жобасын толық іске асыру көзделіп отыр. Мектеп оқушылары, студенттер, мұғалімдер және халықтың басқа да топтары үшін заманауи оқу материалдары әзірленбек.
Бұл жерде Өзбекстанның мақсаты тек бірнеше мың AI инженерін даярлау емес. Жасанды интеллект құралдарын кең көлемде қолдана алатын қоғам қалыптастыру көзделіп отыр.
Стартаптарға да орын бар
Жасанды интеллект экожүйесінде мемлекеттен бөлек жеке сектордың рөлі де артып келеді. Қазір Өзбекстанда IT Park резиденттері, стартаптар және 20-дан астам ЖИ зертханасы жұмыс істейді. Биыл осы салада жұмыс істейтін IT Park резиденттерінің санын 300-ге, олардың қызмет көлемін 2 трлн сумға, ал экспортын $160 млн-ға жеткізу жоспарланған.
Елдің түрлі өңірлерінде хакатондар өткізіліп жатыр. Нукус, Самарқанд, Термез, Бұхара, Ферғана, Әндіжан, Гүлістан және Жызақта осындай іс-шаралар ұйымдастырылған. Енді хакатондарды барлық өңірде өткізу жоспарланып отыр.
Өзбекстан ЖИ-ды өңірлерге де жеткізбек
Технологияны тек Ташкентте дамыту жеткіліксіз. Сондықтан өңірлерде әкімдерге жасанды интеллект бойынша арнайы кеңесшілер тағайындалуда. 500 үміткердің арасынан 222 кеңесші іріктелген.
Олардың жұмысы нақты көрсеткіштер арқылы бағаланбақ. Сонымен қатар шетелде білім алған және заманауи технологияларды жақсы меңгерген жастарды бұл қызметке көбірек тарту ұсынылды.
Кеңесшілердің жұмысын бақылау үшін жеке цифрлық платформа іске қосылмақ. Бұл шешім ЖИ-ды елдің орталығынан өңірлерге дейін жеткізуге бағытталған.
Өзбекстан халықаралық AI картасына да кіріп жатыр
Өзбекстан ішкі инфрақұрылыммен ғана шектелмей, халықаралық серіктестікке де назар аударуда.
2026 жылғы шілдеде Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы аясында Өзбекстан World Artificial Intelligence Cooperation Organization (WAICO) ұйымының негізін қалаушы мүшелерінің бірі болды. Ұйым жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты, озық технологиялар мен тәжірибе алмасуды және AI-ды қауіпсіз әрі жауапты дамытуға ортақ тәсілдерді қалыптастыруды көздейді.
Бұл қадам Өзбекстанның AI технологияларын тек сырттан сатып алып, қолданушы ел болуды емес, халықаралық ЖИ экожүйесіне белсенді қатысуды көздейтінін көрсетеді.
Ендігі сұрақ — жоспар нақты нәтижеге айнала ма?
Бір қарағанда, Өзбекстанның жоспары әсерлі көрінеді. Жаңа суперкомпьютер, қосымша $70 млн, 200-ден астам жоба, 1,5 млн сертификат алған адам және 2030 жылға дейін әлемнің үздік 50 еліне кіру мақсаты. Бірақ жасанды интеллект саласындағы бәсеке тек ақша мен техникаға байланысты емес.
Елге сапалы деректер, мықты ғылыми база, білікті мамандар, технологиялық компаниялар және қауіпсіздік стандарттары қатар қажет.
Өзбекстан бұл бағыттардың әрқайсысына біртіндеп инвестиция салып жатыр. 2026 жылғы мамырда президент Шавкат Мирзиёев экономика мен әлеуметтік салаларда 200-ден астам ЖИ жобасы іске асырылып жатқанын, сондай-ақ дата-орталықтар, суперкомпьютерлер мен AI зертханаларын өңірлерде кеңейту және «Бес миллион AI көшбасшысын» даярлау бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын айтқан.
Бастысы осы жоспарлардың қағаздағы көрсеткіштерден нақты технологиялық өнімдерге, жаңа жұмыс орындарына және экономикадағы өлшенетін нәтижелерге айналуы.
Егер бұл мақсаттар орындалса, Өзбекстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект экожүйесі қалыптасқан негізгі елдердің біріне айналуы мүмкін.
