Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы айтты. Жиын басталар алдында форумға қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңге өткенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып отыр.
«Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Бұл құрметті Төраға Си Цзиньпин мырзаның тікелей қолдауының арқасы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік дос әрі сенімді серіктес ретінде ынтымақтастығымыздың жаңа «алтын 30 жылдық» кезеңіне қадам басып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қытайды Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі ретінде атап өтті. Оның сөзінше, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтаған. Үкіметтер бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Сонымен қатар Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асқаны айтылды. Қазір елде Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық тек сауда және инвестициямен шектелмейді. Өнеркәсіп, цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарындағы серіктестік те дамып келеді.
Президент іскерлік байланыстардың кеңеюіне екі ел арасындағы визасыз режимнің де ықпал етіп отырғанын атап өтті.
«Іскерлік байланыстардың кеңеюіне елдеріміз арасында орнаған визасыз режим де елеулі үлес қосты. Қазіргі кезде Қазақстанда қомақты инвестиция тартып, ірі жобаларды іске асыруға барынша оңтайлы жағдай жасалған деп сеніммен айтуға болады», – деді Мемлекет басшысы.

Ол инвестициялық қызметті құқықтық тұрғыдан қолдау мәселесіне де тоқталды. Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның негізгі ережелері еліміздің инвестициялық әлеуетін нығайтуға негіз қалыптастырған.
«Ережелердің тұрақтылығына және инвестициялық қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсету сапасына айрықша мән береміз. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен міндеттері жүктелді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форум барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту, бизнес байланыстарды кеңейту және жаңа өндірістерді іске қосу мәселелері талқыланды.
Келесі материал: Каспийде қаза тапқан сарбаз Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған
