Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын ұстады, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
Қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды.
Ұсталғандардың қатарында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскер ротасы мен катер командирлері бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ҚР ІІМ әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу барысында 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде өткен оқу-жаттығу кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында әскери қызметшілердің теңізге ағып кеткені анықталды.
Тергеу аясында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және өткізу кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделеніп жатыр.
Қажетті тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілуде. Барлық күдіктілердің әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Сотқа дейінгі тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Келесі материал: Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз досын соңына дейін іздеген
